Нанды дұрыс таңдай білейік

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда
Нан – күнделікті тұтынатын тағамдардың бірі әрі ағзаға қажетті энергияның негізгі көзі саналатын көмірсуларға бай өнім. Нанның түріне қарай оның құрамында тағамдық талшықтар, ақуыз, В тобының дәрумендері, Е дәрумені және бірқатар минералды заттар болады.
 
Әсіресе тұтас дәнді және қара бидай ұнынан жасалған нан тағамдық талшықтарға бай. Талшық ас қорыту жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етіп, ұзақ уақыт бойы тоқтық сезімін сақтауға көмектеседі.
 
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары нан өнімдерін таңдаған кезде мына жайттарға назар аударуды ұсынады:
* өнімнің таңбалануын мұқият тексеріңіз. Қаптамада өнімнің атауы, құрамы, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары көрсетілуі тиіс;
* нан өнімдерін қажетті санитариялық талаптар сақталатын, өнімді сақтау мен өткізуге тиісті жағдай жасалған сауда орындарынан сатып алыңыз;
* тұтынушының талабы бойынша сатушы өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды ұсынуға тиіс;
* нанның пішіні дұрыс, мыжылмаған, жарылмаған және деформацияланбаған болуы керек. Жұмсағы толық пісірілген болуы қажет;
* көгеру белгілері, бөгде иісі немесе бұзылғанын көрсететін басқа да белгілері бар өнімді сатып алмаңыз.
 
Нан – құнарлы әрі теңгерімді тамақтанудың бір бөлігі. Дегенмен оны тұтыну мөлшері адамның жалпы тамақтану ерекшелігіне сай болғаны жөн.
 
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ескертеді: нан өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі олардың өндірісімен ғана шектелмейді. Өнімді тасымалдау, сақтау және өткізу кезінде белгіленген талаптардың сақталуы да маңызды. Сондықтан нан сатып алғанда оның сыртқы түріне, таңбалануына, жарамдылық мерзіміне және сақтау шарттарына назар аударыңыз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1307398?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version