ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Өзбекстан Республикасы Президентінің әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі, Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігінің директоры Мансурбек Оллоёровпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында екі бауырлас елдің әлеуметтік саладағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, олардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу, әлеуметтік қызметтерді цифрландыру, мүгедектікті ертерек анықтау және ерте араласу жүйесін жетілдіру, сондай-ақ әлеуметтік қорғау жүйесі мамандарының біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігінің бейінді құрылымдық бөлімшелері арасында тікелей өзара іс-қимылды күшейту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жұмыс тәжірибемен, тиімді практикалармен және әдістемелік тәсілдермен тұрақты түрде алмасуға, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын мәселелерді бірлесіп пысықтауға мүмкіндік береді.
Мансурбек Оллоёров Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды жоғары бағалап, Өзбекстан тарапының Қазақстан тәжірибесін одан әрі зерделеуге және практикалық өзара іс-қимылды дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
«Кез келген тәжірибені біздің мәдениетіміз бен менталитетімізді ескере отырып қолдану қажет. Қазақстан мен Өзбекстанның бұл бағытта ұқсастықтары көп. Сондықтан біз үшін бір-бірімізден үйрену, тек тиімді шешімдермен ғана емес, қателіктерге жол бермеуге мүмкіндік беретін тәжірибемен де бөлісу маңызды. Мұндай өзара байланыс екі ел үшін де пайдалы болады», – деді Мансурбек Оллоёров.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-shymkent/press/news/details/1307588?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау