Түркістан облысында жыл басынан бері 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 777 млрд теңге салық түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65 млрд теңгеге артық. Бұл туралы өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Сәуле Шырынбекова мәлімдеді.
«Салықтық және кедендік әкімшілендіру нәтижесінде 9 млрд теңгеден астам қосымша кіріс көзі анықталып, өндірілді. Оның ішінде республикалық бюджетке 6,4 млрд теңге, жергілікті бюджетке 3 млрд теңге түсті.
Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес күшейтілді. Есепті кезеңде кедендік бақылау барысында заңсыз есірткі заттарын алып өтудің 36 дерегі анықталды. Сонымен қатар мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 246 дерегі тіркеліп, 9,77 тонна бензин мен 25,7 тонна дизель отыны тәркіленді.
Өңірде жүргізілген тексерулер нәтижесінде 1 059 салықтық құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде бақылау-касса машинасын қолданбау, кәсіпкер ретінде тіркелмей жұмыс істеу, POS-терминалды пайдаланбау және лицензиясыз алкоголь өнімдерін сату деректері бар.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытында да оң нәтиже бар. Жалпы 9 айда облыс бойынша 1 млн 411 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 99 пайызы электронды форматта ұсынылды.
2026 жылы жаңа Салық кодексінің талаптарын түсіндіру мақсатында 16 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Сондай-ақ 1414 байланыс орталығы арқылы 32 мыңға жуық салық төлеушінің өтініші қаралды.
Шағын бизнес бойынша да өсім байқалады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында оңайлатылған декларация режимін қолданатын кәсіпкерлердің жалпы айналымы 333 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 65 млрд теңгеге жоғары.
Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамту режимін 18 826 салық төлеуші таңдады», – деді басқарма басшысы.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-shauildir/press/news/details/1307351?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау