Көкшетауда Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 80 жылдығына арналған мерекелік кеш өтті. Сексен жыл ішінде филармония кәсіби өнерді дамытуға, ұлттық музыкалық дәстүрлерді сақтауға және талантты өнерпаздарды қолдауға зор үлес қосып, өңірдің мәдени өміріндегі маңызды өнер ордасына айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау сәлемін ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев жеткізді. Аймақ өнерпаздары Мемлекет басшысы атынан «Құрмет» грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.
Салтанатты шарада филармония әртістері мен кеш қонақтарын Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтады.
Мерейтойлық кешке белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, шығармашылық сала өкілдері, филармонияның ардагерлері мен жас өнерпаздар қатысты.
«Үкілі Ыбырай атындағы филармония Ақмола облысының мәдени өмірінде айрықша орын алады. «Өнер – ұлттың жаны» деген сөз осы шығармашылық ұжымның миссиясын дәл сипаттайды. Филармония ұжымы талай жылдан бері өңір тұрғындарына музыкалық және хореографиялық өнердің үздік үлгілерін ұсынып, ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, жаңа есімдердің танылуына жол ашып келеді», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы Филармония ұжымына мерейтойға орай шағын автобус кілтін табыстады.
Мерекелік кешке жиналған көрерменге филармония ұжымы арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Кеш барысында халық әндері мен күйлері, классикалық шығармалар және эстрадалық туындылар орындалды.
«Мен үшін филармония – жай ғана жұмыс орны емес, туған сахна, шығармашылық отбасы, өмірімнің үлкен бөлігі. Осында біз өнер арқылы көрерменге қуаныш сыйлап, музыка жасап, халқымыздың үздік дәстүрлерін жалғастырып келеміз. Ұжымға шығармашылық табыс, жаңа жеңістер, жарқын концерттер мен әрдайым өнерді бағалайтын көрермен тілеймін. Музыка әрдайым шырқалып, шабыттандырып, баршамызды біріктіре берсін», – деді филармонияның солисі Сарсенбай Хасенов.
Бүгінде филармония құрамында Кенжебек Күмісбеков атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрі, симфониялық және эстрадалық-үрмелі оркестрлер, «Гәкку» би ансамблі және жеке орындаушылар өнер көрсетеді.
Сегіз онжылдық тарихында филармония көптеген танымал өнерпаздар мен музыканттар үшін үлкен сахнаға бастар жол болды. Бүгінде ұжым кәсіби өнерді насихаттап қана қоймай, халықаралық мәдени байланыстарды да белсенді дамытып келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1307389?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау