📌 2026 жылы ҚҚС-тың артық сомасын қайтару тәртібі: негізгі ережелер, мерзімдер және цифрлық стандарттар
📢 Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлайды.
Ұлттық экономиканың дамуы және салықтық әкімшілендіруді цифрландыру жағдайында адал салық төлеушілердің айналым қаражатын уақтылы толықтыруы маңызды бағыттардың бірі болып табылады.
💰 Бизнесті қолдау құралдарының бірі — қосылған құн салығының (ҚҚС) артық сомасын қайтару тетігі.
2026 жылы ҚҚС-тың артық сомасын қайтару ашықтық, тәуекелге бағдарланған тәсіл және процестерді барынша автоматтандыру қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.
🔹 ҚҚС-тың артық сомасы дегеніміз не?
ҚҚС-тың артық сомасы сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша есепке жатқызылатын ҚҚС сомасы өткізілген салық салынатын айналымдар бойынша есептелген ҚҚС сомасынан асып кеткен жағдайда қалыптасады.
Заңнамада белгіленген талаптар сақталған кезде аталған сома салық төлеушіге қайтарылуы мүмкін.
📝 Қайтарудың негізгі шарттары
ҚҚС-тың артық сомасын қайтаруға құқық алу үшін белгіленген талаптарды сақтау қажет, оның ішінде:
✅ салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша орындалмаған салық міндеттемелерінің болмауы;
✅ ҚҚС бойынша салық есептілігінде мәліметтердің дұрыс көрсетілуі;
✅ Тәуекелдерді басқару жүйесінде (ТБЖ) көзделген рәсімдерден өту.
📄 ҚҚС-ты қайтару қалай жүзеге асырылады?
Процесс тиісті салық кезеңі үшін ҚҚС бойынша декларацияда ҚҚС-тың артық сомасын қайтару туралы талапты көрсетуден басталады.
🔹 1. Салық төлеуші ҚҚС бойынша декларацияда ҚҚС-тың артық сомасын қайтару туралы талапты көрсетеді.
🔹 2. Мемлекеттік кірістер органдары салық есептілігін автоматты түрде тексеріп, мәліметтерді Комитеттің ақпараттық жүйелеріндегі, оның ішінде электрондық шот-фактуралардағы (ЭШФ) деректермен салыстырады.
🔹 3. Салық төлеушінің тәуекел деңгейіне қарай салықтық бақылаудың тиісті нысаны мен көлемі айқындалады.
⏱ ҚҚС-тың артық сомасын қайтару мерзімдері
Қолданылатын тәртіпке байланысты қайтарудың әртүрлі мерзімдері көзделген.
🟢 Жеңілдетілген тәртіп
Экспорттаушылар мен тәуекел деңгейі төмен өндірушілерді қоса алғанда, салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін қайтару талап берілген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
🟡 Салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін
Салықтың артық сомасын қайтару салық заңнамасында белгіленген тәртіппен:
▪️ 20 салық кезеңі ішінде тең үлестермен, қайтару туралы талап ұсынылған салық кезеңінен кейінгі салық кезеңінен бастап, Салық кодексінің 129-бабы 7-тармағының 1), 3) тармақшаларына сәйкес жүзеге асырылады;
▪️ немесе қайтару туралы талап көрсетілген декларацияны ұсыну үшін Салық кодексінде белгіленген мерзім өткеннен кейін 55 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
🟠 Тақырыптық салықтық тексеру нәтижелері бойынша
Салықтың артық сомасын қайтару қайтару туралы талап көрсетілген декларацияны ұсыну мерзімі өткен күннен кейінгі 55 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
📌 Осылайша, ҚҚС-тың артық сомасын қайтарудың нақты мерзімі салық төлеушінің санатына және ҚҚС-ты қайтару үшін қолданылатын тәртіпке байланысты болады.
💻 2026 жылы цифрлық бақылау
Әкімшілік кедергілерді азайту және процестерді жеделдету мақсатында цифрлық өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөлінеді.
🔹 «ЭШФ» ақпараттық жүйесі мен «Виртуалды қойманы» интеграциялау
Айналымдардың дұрыстығын тексеру және экспорт кезінде ҚҚС-тың нөлдік мөлшерлемесін қолданудың заңдылығын растау тауарлардың қозғалысын үздіксіз қадағалау негізінде жүзеге асырылады.
Кәсіпкерлерге тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды (ТІЖ) және ЭШФ-ны уақтылы әрі дұрыс рәсімдеу ұсынылады.
🔹 Электрондық аудит
Қағаз құжат айналымын қысқарту мемлекеттік кірістер органдарына салық төлеушінің кабинеті арқылы электрондық түрде түсініктемелерді жедел сұратуға мүмкіндік береді. Бұл камералдық бақылауды жүргізу уақытын қысқартуға ықпал етеді.
⚠️ Салық төлеуші үшін нені сақтау маңызды?
ҚҚС-ты қайтару кезінде кідірістердің туындау тәуекелдерін барынша азайту үшін:
✅ салық есептілігін уақтылы ұсыныңыз;
✅ шаруашылық операцияларды есепке алу жүйелерінде дұрыс көрсетіңіз;
✅ ЭШФ және ТІЖ деректерін мұқият тексеріңіз;
✅ салық міндеттемелерін уақтылы орындаңыз;
✅ мемлекеттік кірістер органдарының электрондық хабарламалары мен талаптарын қадағалаңыз;
✅ есептілікті алдын ала тексеру және тестілеу мүмкіндіктерін пайдаланыңыз.
📌 Салық тәртібін сақтау, шаруашылық операцияларды дұрыс көрсету және цифрлық құжат айналымын дұрыс жүргізу тәуекелдерді барынша азайтуға және ҚҚС-тың артық сомасын қайтару туралы талапты уақтылы қарауға мүмкіндік береді.
🏢 Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерді салық заңнамасының талаптарын сақтауға, барлық шаруашылық операцияларды уақтылы көрсетуге және мемлекеттік кірістер органдарымен өзара іс-қимыл жасау үшін электрондық сервистерді белсенді пайдалануға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-karaganda/press/news/details/1307477?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау