Астанадағы №15 көпшілік кітапханада «Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасы аясында «Үздік оқырман отбасы» отбасылық сайысының ақтық кезеңі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Байқауда іріктеу кезеңінен өткен отбасылар бақ сынады. Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-ге қарасты №15 көпшілік кітапханасы ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты – елорда отбасылары арасында кітап оқу мәдениетін насихаттау, ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту және оқырман белсенділігін арттыру.
Іріктеу кезеңіне кітапханамен тұрақты байланыста болып, отбасымен бірге кітап оқуды дәстүрге айналдырған 15 отбасы қатысты. Нәтижесінде олардың ішінен үздік шыққан екі отбасы финалға жолдама алды.
Ақтық кезеңде қатысушылар өз отбасыларын шығармашылық тұрғыда таныстырып, білімдерін сынады. Сондай-ақ ертегі кейіпкерлеріне сипаттама беріп, мақал-мәтелдердің жалғасын тапты.
Байқау нәтижесінде Рахметолла әулеті бірінші орынды иеленді. Сайысқа әулеттің бес мүшесі – 80 жастағы әжесі Оңласын Өмірзақова, отағасы Ернат Рахметолла, анасы Фариза Сембайқызы және балалары Қасым мен Бадрисафа қатысты.
Оңласын Уәлиқызы – 55 жыл ұстаздық еткен ардагер мұғалім. Ол бүгінде де кітап, газет-журнал оқуды жалғастырып келеді.
Әулет басшысы Ернат Рахметолла – Ұлттық академиялық кітапхана жанындағы «Әке мен бала» клубының модераторы. Ол кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған жобаларға да атсалысады.
Отбасының 8 жастағы ұлы Қасым тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы. Жас спортшы кітап оқуға да қызығады: оның үй кітапханасында 108 кітабы бар. Ал 3 жастағы Бадрисафа әріп танымағанымен, кітаптарды суреттеріне қарап тамашалағанды ұнатады.
Іс-шара аясында балалардың шығармашылық қойылымдары көрсетіліп, жыр мен ән орындалды. Бұдан бөлек, танымдық викториналар өткізіліп, шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Сайысты Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 орта мектептің оқушылары мен ұстаздары және басқа да оқырмандар тамашалады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1308486?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау