Конституциялық Сот мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын құжаттарды алу тәртібін реттейтін Қылмыстық-процестік кодекстің 254-бабы бірінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.
Өтініш беруге арыз иесінің көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған қылмыстық ісі негіз болды. Арыз иесі соттың еңбекке уақытша жарамсыздық парағында заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтер жоқ деген тұжырымымен келіспеді.
Арыз иесінің пікірінше, дауланып отырған нормадағы «заңмен қорғалатын өзге де құпия» ұғымының айқын болмауы тиісті құжаттарды алу кезінде тергеу судьясының санкциясы қажет пе деген мәселені біржақты анықтауға мүмкіндік бермейді.
Конституциялық Сот Конституция жеке өмірге қол сұғылмауына, жеке және отбасы құпиясының сақталуына, сондай-ақ дербес деректердің қорғалуына кепілдік беретінін атап өтті. Заңнамада заңмен қорғалатын құпияның әртүрлі түрлері, оның ішінде медицина қызметкерінің құпиясы көзделген және осындай мәліметтерді қамтитын құжаттарды алу кезінде процестік кепілдіктер белгіленген.
Атап айтқанда, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын құжаттарды алу тергеу судьясының санкциясымен жүргізіледі. Қылмыстық-процестік заң талаптарын бұза отырып алынған мәліметтер дәлелдемелер ретінде пайдаланылмайды.
Нақты құжатта заңмен қорғалатын құпияның бар-жоғын және оны алу кезінде тергеу судьясының санкциясы қажет болған-болмағанын анықтау нақты қылмыстық істің мән-жайларын бағалауға байланысты және істі қарайтын соттың құзыретіне жатады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1308500?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау