Маңызды өзгерістердің бірі – субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру процесін цифрландыру.
Жұмыс берушілерді іріктеу, азаматтарды құрылған жұмыс орындарына жіберу, сондай-ақ қажетті құжаттарды тексеру Электрондық еңбек биржасы арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады.
Электрондық форматқа көшу қағаз құжат айналымын қысқартуға, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге, өтінімдерді қарау жеделдігін арттыруға және шешімдер қабылдау кезінде субъективті факторды барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Кімдер қатыса алады?
Субсидияланатын жұмыс орындарын жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде Мансап орталықтары ұйымдастырады. Жұмыс берушінің санатына қарай субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға:
— жеке меншік нысанындағы коммерциялық заңды тұлғалар;
— жеке кәсіпкерлер;
— шаруа (фермер) қожалықтары;
— әлеуметтік кәсіпкерлер;
— мемлекеттік мекемелер, олардың ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдары;
— дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) 50 және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар;
— үкіметтік емес ұйымдар, олардың филиалдары және (немесе) өкілдіктері өтінім бере алады.
Бұл ретте, жұмыс берушілердің әрбір санаты үшін тиісті шарттар мен талаптар белгіленген.
Ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, жұмыс берушілерге бірқатар талаптар қойылады.
Жұмыс берушілер өз қызметін 12 айдан астам уақыт бойы жүзеге асыруы, банкроттық рәсімінде болмауы, экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарын сақтауы, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары шеңберінде бұрын жасалған шарттарды тиісінше орындауы тиіс.
Бұдан бөлек, жан басына шаққандағы мемлекеттік тапсырыс, инфрақұрылымдық мемлекеттік сатып алулар немесе арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бағдарламалары шеңберінде бюджеттік қаржыландыру алатын жұмыс берушілерде субсидияланатын жұмыс орындары ұйымдастырылмайды.
Бұл талап мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен бірдей шығыстардың қосарланған қаржыландырылуына жол бермеуге және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Субсидияланатын жұмыс орындарының саны жұмыс берушінің санатына байланысты.
Үкіметтік емес ұйымдар үшін:
Республикалық маңызы бар қалаларда 1-ден 10-ға дейін қатысушы; өңірлерде 1-ден 5-ке дейін қатысушы.
Бұл ретте, ҮЕҰ ҮЕҰ-ның ресми деректер базасында тіркелген болуы тиіс.
Коммерциялық ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және әлеуметтік кәсіпкерлер үшін 1-ден 5-ке дейін субсидияланатын жұмыс орны көзделген. Қатысу үшін:
— жалақы бойынша берешектің болмауы;
— тұрақты түрде соңғы жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру;
— бағдарламаның өткен кезеңдеріндегі қатысушыларды тұрақты жұмысқа орналастыру қажет.
Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін де 1-ден 5-ке дейін жұмыс орны көзделген.
Ауылдық әкімдіктер мен коммуналдық кәсіпорындар үшін бөлек тәсіл қолданылады: субсидияланатын жұмыс орындарының саны ауыл халқының санын ескере отырып айқындалады және тұрғындардың жалпы санының 2%-нан 5%-на дейінгі мөлшерді құрайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko-ukzsp/press/news/details/1308461?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау