Қарағандыда Республика күніне орай “Жас сақшы” сыныптарының оқушылары арасында облыстық спартакиада ұйымдастырылды. Спорттық додада облыстың 10 командасы күш сынасып, ептілік, төзімділік пен командалық рухтың үлгісін көрсетті.
Іс-шараны Қарағанды облысы полиция департаментінің арнайы жұмылдыру және даярлық басқармасы мен “Арлан” спорт клубы бірлесіп ұйымдастырды. Жарысқа қатысқан әр команданың құрамында 16 оқушыдан болды.
Жас сақшылар кермеге тартылу, үстел теннисі, шағын футбол және арқан тарту бойынша бақ сынады. Әр сайыста қатысушылар жеңіске деген жігерін танытып, өздерінің физикалық дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті.
Спартакиаданың ашылу салтанатында Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Мугманов жас сақшыларға сәттілік тілеп, спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
– Спорт – тек күш пен ептіліктің ғана емес, мінездің, тәртіп пен табандылықтың мектебі. Бүгінгі жарыста сендер жеңіске жетумен қатар, бір-біріңе қолдау көрсетуді, ортақ мақсатқа ұмтылуды және қиындыққа мойымауды үйренесіңдер. Бұл қасиеттер спортта ғана емес, күнделікті өмірде де аса маңызды. Еліміздің патриоты болу – Отанды сүюмен қатар, оның болашағына жауапкершілікпен қарау. Баршаңа сәттілік тілеймін! Жеңіс жолында жігерлерің мұқалмасын, – деді Талғат Мугманов.
Спорттық жарыспен қатар, жасөспірімдер арасында есірткінің алдын алуға бағытталған ақпараттық акция да өткізілді. Оқушыларға “Біз есірткіге қарсымыз!” деген жазуы бар футболкалар таратылып, есірткінің адам денсаулығы мен болашағына тигізетін зияны туралы ақпараттық үнпарақшалар ұсынылды.
Осылайша спорттық дода салауатты өмір салтын насихаттаумен және жастар арасында есірткіге қарсы көзқарас қалыптастырумен ұштасты.
Спартакиада қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жас сақшылар марапатталды. Жарыс қатысушылары үшін бұл тек спорттық бәсеке ғана емес, достықты нығайтып, бірлік пен патриотизмді дәріптейтін маңызды шараға айналды.
Полиция жас ұрпақты спортқа баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру және өскелең буынның бойында отансүйгіштік қасиеттерді дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1308025?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау