Құрметті қазақстандықтар!
Маңғыстау облысында қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккен әскери қызметшілерге көрсетілген қаржылай көмектің бөлінуін бақылау жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесі туралы хабарлағым келеді.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетіліп жатыр.
Еліміздің ірі кәсіпорындары, кәсіпкерлері мен меценаттарынан түскен қаржыны жинақтау үшін арнайы «Ұлттық рух» қоры белгіленді.
Түскен қаражаттың әділ әрі мақсатты бөлінуін қамтамасыз ету үшін арнайы Комиссия құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдері, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мәслихаттардың өкілдері кірді.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша қорға түскен барлық қаражат Комиссия қабылдаған шешімдерге сәйкес және заңнамада белгіленген тәртіппен қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына әділ әрі теңдей бөлінді.
Сонымен қатар, орын алған оқиғадан аман қалған әскери қызметшілерге де жеке төлемдер қарастырылды. Оларға көрсетілген материалдық көмектің мөлшері Комиссия шешімдеріне сәйкес белгіленді.
Қаражатты есепке алу мен бөлуге қатысты барлық шешім тек Комиссия шеңберінде қабылданып, тиісті хаттамалармен рәсімделді және белгіленген құқықтық рәсімдер толық сақталды. Бұл жұмысқа қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары да қатысты.
Комиссия қаражаттың қор шотына түсуінен бастап, аударуға дейінгі барлық кезеңде қатаң бақылауды қамтамасыз етті.
Сонымен бірге, әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарының өтінішін ескере отырып, сондай-ақ олардың қауіпсіздігі мен жеке мәліметтерінің құпиялылығын сақтау мақсатында төлемдердің нақты сомасы мен қаражат алушылардың дербес деректері жария етілмейді.
Қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарының бұл шешіміне түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз.
Комиссия өз жұмысын аяқтады. Түскен қаражаттың барлығы белгіленген тәртіппен бөлініп, қабылданған шешімдер тиісті құжаттармен рәсімделді.
Сенім білдіріп, түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1308642?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау