Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың аудан тұрғындарымен кездесу жиыны Қоғалы ауылдық округінде жалғасын тапты. Басқосудың басты мақсаты – аудан көлемінде атқарылған жұмыстардың нәтижесін саралау, алдағы кезеңге арналған жоспарларды айқындау және тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді талқылау.
Жиында аудан басшысы 2026 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы уақытта іске асырылатын жобалар мен басым бағыттарды таныстырды. Әсіресе, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, халыққа қолайлы жағдай жасау және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне баса назар аударылды.
Сонымен қатар, Қоғалы ауылдық округінің әкімі Қайрат Қыпшақбаев 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тұрғындармен өткен кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысы туралы есеп берді. Ол бұған дейін айтылған ұсыныстар мен өтініштер негізінде атқарылған жұмыстарды баяндап, шешімін күткен мәселелерді реттеу бағытында қолға алынған шараларды атап өтті.
Кездесу барысында тұрғындар ауыз сумен қамту, жер мәселесі, балабақша ғимаратының жай-күйі және мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мәселелерін көтерді. Тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде тиісті сала басшылары қойылған сұрақтарға жауап беріп, мәселелерге қатысты түсініктемелер ұсынды.
Жиында көтерілген мәселелер елді мекеннің әлеуметтік жағдайын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту және халықтың сұранысына сай жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру тұрғысынан талқыланды.
Кездесу жиынынан кейін аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдау барысында көтерілген мәселелер назарға алынып, тиісті сала басшыларына заң аясында қарастыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау