Жетісуда халықты спорт инфрақұрылымымен қамту деңгейі 70,5%-ға жетті: Алакөл ауданында жаңа спорт кешені ашылды

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Республика күні қарсаңында Жетісу облысының ауылдық елді мекенінде тағы бір жаңа спорт кешені ашылды. Алакөл ауданының Қабанбай ауылындағы бұл кешенде 300-ге жуық жасөспірім спортпен қамтылып отыр. Осылайша, облыс құрылғаннан бері 40 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Спорт кешененің салтанатты ашылуына қатысқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Дуанаев өңірде, әсіресе ауылдық жерде спорт инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту және қолжетімді спорт инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өңірде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталып, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.

Атап өтсек, спорт кешенінің құрылысы өткен жылдың сәуірінде басталған болатын. Нысанның жалпы ауданы – 2076,2 шаршы метр. Нысанда төрт зал – ойын залы, бокс, күрес және жаттығу залдары қарастырылған. Мұнда спорттың баскетбол, волейбол, футбол, бокс, дзюдо, үстел теннисі, жеңіл атлетика түрлерімен айналысуға жағдай жасалған. Кешенде бір мезгілде 80 бала спортпен шұғылдана алады.

Жергілікті жаттықтырушылар бұл нысан балалардың спорттық жаттығуларының ауқымын кеңейтуге мүмкіндік беретінін айтады.

– Бүгін – ауыл балалары үшін ерекше қуанышты күн. Енді заманауи спорт кешенінде жаттығуларды қолайлы жағдайда сапалы өткізе аламыз. Бұл балалардың спортпен тұрақты айналысуына және өз қабілеттерін шыңдауына жол ашады. Мұнда аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда жеңіске жететін болашақ чемпиондар тәрбиеленетініне сенімдімін, – деді жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Алмат Имашев.

Қабанбай ауылының тұрғындары да жаңа спорт кешенінің ашылғанына риза.

– Ауылымыщда осындай спорт кешенінің ашылуын көптен күттік. Енді балалардың спортпен айналысуына, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік молаяды. Тұрақты жаттығулар балалардың денсаулығын нығайтып, мінезін шыңдауға, табандылыққа, жауапкершілікке, қиындықтарды еңсеруге үйретеді. Ауылымызда осындай маңызды бастамалардың жүзеге асырылып жатқанына ризамыз, – дейді ауыл тұрғыны Қанат Қожабеков.

Балалардың өздері де қуаныштарын жасырмады.

– Мен волейбол ойнағанды жақсы көремін. Болашақта осы спорт түрімен кәсіби түрде айналысқым келеді. Енді осы жаңа залда үлкен жарыстарға дайындалуға бізде барлық мүмкіндік жасалған, – дейді жас спортшы Амина Қаби. 

– Менің күреске қатысып жүргеніме екі жыл болды. Бізге осындай жаңа спорт кешенін салып бергеніне қуаныштымыз. Мұнда күреске қажетті барлық жабдықтар бар. Осында тұрақты жаттығып, болашақта чемпион боламыз деп сендіремін – деді Санжар Берік.

Жалпы, бүгінде облыста 1 146 спорт нысаны жұмыс істейді. Атап өтсек, облыс халқының спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етілу деңгейі 70,5%-ға жетіп, республикалық орташа көрсеткіштен асты. Осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 71,4%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Атап өтсек,  облыс құрылғаннан бері өңірде 40 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілсе, соның ішінде Алакөл ауданында 7 спорт нысаны іске қосылды, бұл ретте 2 күрес залы жергілікті инвесторлардың қаржысына салынған. Жаңа нысандардың қатарында Лепсі ауылындағы 240 орынды жатақханасы бар 160 орынды көпфункционалды спорт кешенін атап өтуге болады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Алакөл ауданының әкімдігі ұсынды

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol/press/news/details/1308626?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version