Елордада Aqtobe Creative Days көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған көрме-жәрмеңке аясында қолөнер, сән, бейнелеу өнері, музыка, әдебиет, театр және IT бағыттары қамтылған. Бағдарламада шеберлік сабақтары, сән көрсетілімі, музыкалық қойылымдар мен шығармашылық жобалардың таныстырылымдары бар.
Мәдени шараның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысып, өңір креаторларының авторлық өнімдері, ұлттық қолөнер туындылары, жергілікті брендтер және шығармашылық жобалармен кеңінен танысты.
Creative Aimaq республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған көрмеде Ақтөбе облысының 100-ден астам креаторы 30-ға жуық бағыт бойынша өз өнімдерін ұсынуда. Қатысушылар қатарында 40-тан астам қолөнер шебері, 10-ға жуық дизайнер мен суретші, облыстық мәдениет және өнер мекемелерінің шығармашылық ұжымдары, Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты курсанттары мен IT мамандары бар.
Облыс әкімі креативті индустрияның өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Ақтөбенің туристік-мәдени әлеуетін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
«Креативті индустрия – экономиканы әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірдің туристік-мәдени әлеуетін арттырудың маңызды тетігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл бағытқа жүйелі қолдау көрсету – уақыт талабы.
Бүгінде Ақтөбе облысында да креативті индустрияны дамытуға, жергілікті шығармашыл азаматтардың әлеуетін ашуға және ұлттық құндылықтарды заманауи форматта дәріптеуге басымдық беріліп келеді. Aqtobe Creative Days көрме-жәрмеңкесі – өңіріміздің мәдени және шығармашылық мүмкіндіктерін кеңінен таныстырып, отандық креативті өнімдерді жаңа аудиторияға ұсынуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Біздің мақсатымыз – талантты азаматтарға өз жобаларын жүзеге асыруға жағдай жасау, жергілікті брендтерді дамыту және Ақтөбенің шығармашылық әлеуетін ел көлемінде таныту. Осындай бастамалар өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға жол ашып, креативті индустрияның экономиканың дербес әрі бәсекеге қабілетті саласына айналуына ықпал етеді», – деді аймақ басшысы Асхат Шахаров.
Aqtobe Creative Days өңір креаторларының авторлық өнімдерін кең аудиторияға таныстыруға, жергілікті брендтердің танымалдығын арттыруға және креативті индустрия өкілдері арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Астана қаласындағы Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайында орналасқан «Qazaq Creative Hub» алаңында өтіп жатқан іс-шара ертең, 11 қазан күні де жалғасын табады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1308762?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау