Франкфуртте «Жыр алыбы – Жамбыл» атты әдеби-мәдени кеш өтті

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Майндағы Франкфурт, 2026 жылғы 9 қазан – Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы қазақтың ұлы халық ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Жыр алыбы – Жамбыл» атты әдеби-мәдени кеш ұйымдастырды.

Іс-шараға Frankfurter Buchmesse 2026 халықаралық кітап жәрмеңкесіне қатысу мақсатында Германияға келген Қазақстан делегациясының өкілдері, әдебиет және мәдениет қайраткерлері, баспа саласының мамандары мен қоғам өкілдері қатысты.

Кешті Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығының атынан Бас консулдың міндетін атқарушы Мұрат Нұрғожаұлы Таукебаев ашып, кітап пен әдебиеттің ұлттық руханиятты сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етудегі ерекше рөлін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 23 сәуірдің Ұлттық кітап күні болып белгіленуінің маңыздылығына тоқталып, бұл бастаманың қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, білім мен зияткерлік әлеуетті дамытуға, сондай-ақ ұлттық әдеби мұраны дәріптеуге бағытталғанын атап өтті.

Іс-шара барысында Жамбыл Жабаевтың қазақ әдебиеті мен халық поэзиясындағы айрықша орнына ерекше назар аударылды. Ақынның халық тарихын, рухани құндылықтары мен арман-тілегін бейнелейтін шығармашылығы ұлттық мәдени мұраның маңызды бөлігі екені айтылды.

Әдеби-мәдени кеш аясында академик, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті Оразалы Сәбден «Әлем, Абай, жасанды интеллект жолы» атты кітабын таныстырып, қазіргі жаһандану дәуіріндегі зияткерлік әлеуеттің, ғылыми ізденістің және рухани мұраның маңызы жөнінде ой бөлісті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Роза Мұқанова қазіргі қазақ әдебиетінің даму бағыттарына, қаламгердің қоғамдағы орны және ұрпақтар сабақтастығы мәселелеріне тоқталды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Анаргүл Жомартова қазақстандық әдебиетті шетелде ілгерілету, отандық авторлар мен баспалардың халықаралық кітап жәрмеңкелеріне қатысуын қолдау, сондай-ақ ұлттық әдеби мұраны халықаралық оқырманға таныстыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Асхат Байұзақов «Зерделі ұлт – әлемдік зияткерлік қоғамдастықтың бір бөлігі» тақырыбында баяндама жасап, кітап оқу мәдениетін дамыту мен зияткерлік қоғам қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Кешке қатысқан Неслихан Мұстафақызы Өзтүрік те өз пікірін білдірді. Ол қазақ халқына, оның мәдениеті мен тіліне деген зор құрметін жеткізіп, шетелде өсіп келе жатқан жастардың бойында туған елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.

Іс-шараға қатысушылар мұндай мәдени кездесулердің қазақ әдебиеті мен ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде танытуға, мәдени диалогты кеңейтуге және Қазақстан мен Германия арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-frankfurt/press/news/details/1308745?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version