Приозерск биыл өзінің 70 жылдығын атап өтті. 1956 жылы әскери сынақ полигонының орталығы ретінде құрылған қала бүгінде өңірдегі туристік бағыттардың біріне айналып, жаңарып, дамып келеді. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындармен кездесу барысында қаланың бүгіні мен болашағын талқылады. Приозерск тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді айтып, ұсыныстарын жеткізді.
Тұрғындардың көтерген мәселелері көп болды. Олардың қатарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй қорының жағдайы, қоғамдық жағажайларды абаттандыру мәселелері бар. Сондай-ақ Приозерск туристер үшін тартымды әрі қала тұрғындарының өздері үшін қолайлы болуы үшін қандай бағытта дамуы керектігі сөз болды.
— Туризмді дамыту тұрғындардың мүддесінен бөлек қаралмауы тиіс. Қала туристерге қызықты болмас бұрын, ең алдымен, онда тұратын адамдарға қолайлы болуы керек. Сондықтан тұрғындар күнделікті пайдаланатын қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіру маңызды. «Таза Қазақстан» бастамасына да жеке тоқталғым келеді. Бұл тек сенбіліктер мен аумақтарды тазалау туралы емес. Бұл — өз қалаңа деген жалпы көзқарас. Таза аула, абаттандырылған көше, саябақ немесе демалыс орны бір реттік акция емес, қалыпты жағдайға айналуы керек, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қала әкімі Мансұр Ахметовтің айтуынша, Приозерскіде туризм саласында бірнеше жоба қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Қолданыстағы нысандар жаңғыртылып, жаңа демалыс аймақтарын салу жоспарлануда.
Қалада экопарк құру жұмыстары басталды. Гарнизон офицерлері үйінің айналасындағы шамамен екі гектар аумақ абаттандырылды. Келесі жылы жобаны жалғастырып, тағы төрт гектар жерді абаттандыру жоспарланып отыр.
Тұрғын үй қорын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Биыл үш көппәтерлі тұрғын үйдің конструкциялары күшейтілді. Тағы 20-ға жуық көпқабатты үйдің шатырын жөндеу қажет. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Ашық диалог форматында тұрғындар облыс әкіміне өз сауалдарын қойды.
Сауалдардың бір бөлігіне кездесу барысында бірден жауап берілді. Қалған өтініштерді облыс әкімі жұмысқа алуды тапсырды.
Кездесуден кейін Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-priozersk/press/news/details/1309076?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау