2026 жылғы 13 қазанда Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Матьо халық өнері – мажар мәдениетінің мұрасы» атты халықаралық көрме ашылды. Тағылымды шараның мақсаты – мажар халқының бай мәдени мұрасын Сыр жұртшылығына таныстыру.
Көрменің ашылуында Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Сейілов Жанмұрат Жақсымұратұлы құттықтау сөз сөйлеп, мәдени ынтымақтастықты нығайтудың маңызына тоқтала келе құрметті қонақтарға аймақ басшысының ризашылығын жеткізіп, алғыс хаты мен сый-сияпатын табыстады.
Ал Мажарстанның Алматы қаласындағы Бас консулдығы Бас консулының орынбасары Чилла Барань мажар халқының рухани құндылықтарын насихаттау Сыр елінен бастау алғаны үлкен мәнге ие екендігін ерекше әсермен жеткізді.
Көрмеге Мажарстанның Мезёкёвешд қаласындағы Матьо халқының ұлттық киімдері, кестелі бұйымдары, тұрмыстық заттары мен тарихи фотосуреттері қойылды. Матьо музейінің жәдігерлерімен қатар, жеке коллекционер доктор Маргит Бота мен халық өнерінің шебері доктор Шандорне Дулаидің қолөнер туындылары да ұсынылды. Қанық түстері мен гүлді ою-өрнектерімен ерекшеленетін Матьо халық өнері 2012 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-cultura-arhiv/press/news/details/1310842?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау