Мықтылық сыны: Павлодар облысында ГТҚҚ-ның үздік буыны анықталды

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

   

Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаментінде газ-түтіннен қорғау қызметінің (ГТҚҚ) үздік буынын анықтау мақсатында жыл сайынғы жарыс өтті. Жеңіс үшін қалалық және аудандық бөлімшелерден келген 21 команда бақ сынады. Биылғы жарысқа алғаш рет жедел-құтқару жасағының командасы да қатысты.

          Қатысушыларға тек физикалық төзімділіктерін ғана емес, сонымен қатар психологиялық тұрақтылығын, іс-қимыл үйлесімділігін, өрт-техникалық қару-жарақ пен жабдықтарды пайдалану кезіндегі кәсіби шеберліктерін көрсету міндеті қойылды.

          Биыл ұйымдастырушылар жарыс бағдарламасын күрделендірді. Сайыс 10 кезеңнен тұрды. Әр кезең өрт сөндірушілердің өрттерді сөндіру және басқа да төтенше жағдайларды жою кезіндегі нақты жұмыс жағдайларын барынша шынайы бейнеледі.

          Өрт сөндірушілер тыныс алу аппараттарын жылдам киіп, көлденең аспалы кедергіден өтті, 40 метрлік өрт жеңдері желісін құрастырды. Сондай-ақ лабиринттен өту мен төртінші қабатқа баспалдақпен көтерілуді қамтитын психологиялық дайындық жолағынан өтті.

          Эстафета барысында қатысушыларға салмағы 200 келіден асатын автокөлік шинасын тасымалдау, балғамен ұрып шинаны мәреге дейін домалату және әрқайсысының салмағы 32 келіден болатын екі кір тасын көтеріп тасу тапсырылды.

          Бұдан бөлек, өрт сөндірушілер биіктігі екі метрлік қоршаудан өтіп, салмағы 100, 150 және 250 келі болатын үш шинаны бірінің үстіне бірін қойып, пирамида құрастырды. Олар тыныс алу аппараттарының баллондарын ауыстырып, жылу мен түтінге толы камерадағы лабиринттен өтті және зардап шеккен адамды қауіпсіз түсіру дағдыларын пысықтады.

          Барлық кезеңде құтқарушылар толық жауынгерлік киіммен, тыныс алу аппараттарын қосқан күйде өнер көрсетті. Олардың өзімен бірге алып жүрген жабдықтарының салмағы 30 келіден асты.

          Газ-түтіннен қорғау қызметінің пост қызметкерлеріне де арнайы сынақ ұйымдастырылды. Олар уақытқа орындалатын тестілеуден өтіп, теориялық сұрақтарға жауап беріп, практикалық тапсырманы шешті.

          Жарыстың басты мақсаты — газ-түтіннен қорғау қызметі мамандарының күрделі жағдайларда әрекет етуге дайындығын тексеру, кәсіби дағдыларын жетілдіру және қызметкерлердің физикалық әрі психологиялық даярлық деңгейін арттыру. Өйткені төтенше жағдай кезінде әрбір секундтың, сондай-ақ бір буын құрамындағы мамандардың үйлесімді әрі жедел әрекет етуінің адам өмірін сақтап қалуда маңызы зор.

          Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар төмендегідей анықталды: 1-орын –  Павлодар қ. ТЖБ № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, 2-орын – Павлодар ауданының № 11 өрт сөндіру бөлімі, 3-орын – Ақсу қ. № 10 өрт сөндіру бөлімі.

          Ал ГТҚҚ-ның үздік пост қызметкері атағын № 3 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері иеленді. Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері белсенді қатысқаны үшін грамотамен марапатталды.

          Бұл жарыс кәсіби шеберлікті сынаумен қатар, тәжірибе алмасуға, командалық рухты нығайтуға және жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-pavlodar/press/news/details/1311412?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version