Қарағанды облысында балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту мақсатында QOFA футбол қауымдастығы бірқатар әлеуметтік бастаманы жүргізіп келеді. Қауымдастық жобаларына негізінен жас волонтерлер жұмылдырылған. Бүгінде жастар бұл бағытта тәжірибе жинап, ұйымдастырушылық қабілетін жетілдіреді және өңірдегі спорттың дамуына үлес қосып келеді.
QOFA әлеуметтік және инклюзивті бастамаларға айрықша мән береді. Мұндай жобаларды балалар үйлері мен арнайы интернаттардың тәрбиеленушілері тұрақты түрде футбол жаттығуларына қатысып, «Шахтер» футбол клубы мен ұлттық құраманың ойындарын тамашалайды.
Қауымдастықтың тағы бір бастамасы – спорттық ойындарды, киберспорт жарыстарын және шығармашылық байқауларды қамтыған фиджитал-фестиваль. Оған 100 бала қатысты. Олардың 64-і – арнайы интернаттар мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері.
Волонтерлер қауымдастықтың іс-шараларын ұйымдастыруға көмектеседі. Олар жарысқа қатысушыларға бағыт-бағдар беріп, футбол алаңдарындағы жұмыстарға және ұйымдастыру мәселелерін шешуге жәрдемдеседі. Бұл жұмыс жастарды ұжыммен бірлесе әрекет етуге, жауапкершілік алуға, болашақ кәсібіне қажетті тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
«Біз үшін жастардың жобаларға қатыса жүріп, тәжірибе жинағаны, қабілетін дамытып, біртіндеп жауапты міндеттерді атқара бастағаны маңызды. Волонтерлердің іс-шараларға қатысумен қатар, өз идеяларын ұсынғанына қуанамыз. Кейін олардың ұйымдастырушы әрі тәлімгер ретінде де жұмыс істей алатынын көздейміз», – дейді QOFA өкілдері.
Қауымдастық волонтерлік қозғалыс пен әлеуметтік жобаларды дамытуды жалғастырып келеді. Бұл өз кезегінде жастардың өңірдің қоғамдық өміріне араласуына және футболдың кеңінен танылуына ықпал етеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1314417?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау