Пара дзюдо
Пара дзюдодан ел құрамасының қоржыны тағы үш алтын, бір күміс және төрт қола медальмен толықты. J2 класында + 95 келі салмақ дәрежесінің финалында Жұрқамырза Шүкірбеков Иран өкілін жеңіп, алтын медаль еншіледі. J1 класында +70 келі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан Ақтoлқын Сейілбекова барлық төрт қарсыласын жеңіп, алтын медаль иеленді. J2 класында +70 келі салмақта белдескен Зарина Райфова да төрт қарсыласының барлығынан басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ J2 класында – 95 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жанбота Аманжол күміс медаль иеленсе, J2 класында 95 келі салмақта белдескен Ермек Нұрқабаев жарыстың қола жүлдегері атанды. Ерлан Өтепов J1 класында + 95 келі салмақ дәрежесінде татамиге шығып, қола медаль иеленді. J1 класы бойынша + 95 келіде Бағланбек Оңалбек қола медаль иеленді. Ал J2 класында 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Аяла Мереке қола медаль үшін өткен белдесуде Үндістан спортшысын жеңіп, жарыстың жүлдегері атанды.
Қазақстан пара велоспорттан екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды
Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары пара велоспорттан үш медаль жеңіп алды. Ел қоржыны екі алтын және бір күміс жүлдемен толықты. Ерлер арасында B класында 20 шақырымдық жеке уақытқа жарысуда Наиль Ермуханбет пен оның пилоты Руслан Алиев 34 минут 09,17 секунд нәтижемен бірінші орын алып, Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Осы жарыста Кирилл Илюкевич пен оның пилоты Глеб Брусенский 35 минут 26,64 секунд нәтижемен күміс медаль жеңіп алды. Әйелдер арасында B класында өткен жеке уақытқа жарысуда қазақстандық Анастасия Калаус пен оның пилоты Полина Братчикова алтын медаль иеленді. Қазақстандық экипаж 32 минут 21,54 секунд нәтижемен мәреге бірінші болып жетті. Екінші орынды Өзбекстан спортшылары 32 минут 45,82 секунд нәтижемен иеленсе, Сингапур өкілдері 34 минут 31,92 секунд көрсеткішпен қола жүлдегер атанды. Осылайша, Қазақстан құрамасы пара велоспорттан үш жүлде жеңіп алып, V Азия Пара ойындарындағы медальдар санын арттырды.
Қазақстан Азия Пара ойындарында алғаш рет пара садақ атудан медаль жеңіп алды!
Ерлер арасындағы W1 класы бойынша жұптық сында қазақстандық спортшылар Темірлан Сейітқамал мен Нұршат Төлеуқасым финалда Қытай құрамасымен кездесті. Шешуші бәсекеде қарсылас команда 6:0 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстан спортшылары күміс жүлдегер атанды. Финалдық кездесудің үш сеті 37:31, 35:32 және 37:35 есебімен Қытай құрамасының пайдасына аяқталды.
Пара жеңіл атлетика
Пара жеңіл атлетикадан қос спортшымыз жүлдегер атанды. Ұзындыққа секіруден (T13 класы) Ислам Салимов 6,30 метр нәтижемен сайыстың күміс жүлдегері атанды. Жапония спортшысы Рёта Фунагага 6,93 метр нәтижемен жеңімпаз болса, Өзбекстан өкілі Батыр Мұхамедов 6,24 метр көрсеткішпен қола медаль жеңіп алды. Ал ядро итеру сайысында (F53 класы) Махамбет Серікқалиев 6,81 метр нәтижемен қола медаль жеңіп алып, жеке рекордын жаңартты. Бұл сында Үндістан спортшысы А. Верма (8,16 м) алтын, Иран өкілі А. Хемами (8,09 м) күміс медаль иеленді. Диск лақтырудан (F11) Светлана Иржанова алтыншы орынға тұрақтаса, ядро итеруден (F46 класы) Равиль Мансурбаев төртінші орынға жайғасты. Найза лақтырудан F55 класында өнер көрсеткен Мұқан Айтмырзаев бесінші орында. Ал 100 метрге жүгіруден T62 класc арасында Айсұлу Сүлейменова 16.18 нәтижесімен Азия рекордын орнатты.
Пара жүзу
Әли Тұрғанбеков 100 метрге брасс әдісімен жүзуден күміс жүлдегер атанды. SB4 санатындағы финалдық жарыста отандасымыз 1:44.26 секунд нәтиже көрсетіп, екінші орынға ие болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1315534?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау