Атырау университетінің студенттері дуалды оқыту бағдарламасы бойынша еңбек тәжірибесін жинақтап жатыр

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Атырау университетінің студенттері дуалды оқыту бағдарламасы бойынша еңбек тәжірибесін жинақтап жатыр

Жоғары білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына бейімдеу және жұмыс берушілерді оқу үдерісіне тарту мақсатында Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің 93 студенті дуалды оқыту жүйесі аясында түрлі мекемелерде кәсіби тәжірибеден өтіп, еңбек жолын бастады.

Дуалды оқытуды дамыту – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасында көзделген маңызды міндеттердің бірі. Құжатта білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ білім алушылардың практикалық даярлығын арттыру мәселелеріне басымдық берілген. Атырау университетінің тәжірибесі осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың өңірлік деңгейде жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

«Дуалды оқыту – халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын жүйе. Мәселен, Германияда ол жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдарының тығыз ынтымақтастығына негізделген. Кәсіпорындар алдағы екі-үш жылда қандай мамандарға сұраныс болатынын алдын ала айқындап, университеттермен бірлесіп кадр даярлауға қатысады. Біз де осы тәжірибені негізге ала отырып, студенттеріміздің еңбек нарығына бейімделген, кәсіби дағдылары қалыптасқан маман болып шығуына жағдай жасауды көздейміз», – дейді университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асхат Шүкіров.

Университет жаз айларында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жарияланған Атырау облысындағы білім беру ұйымдарының бос жұмыс орындарын зерделеген. Талдау нәтижесінде мұғалімдік мамандықтар бойынша жарияланған вакансиялардың 70 пайызы үміткерлерден бір жылдан үш жылға дейінгі еңбек өтілін талап ететіні анықталған. Алайда жоғары оқу орнын енді бітірген түлектердің мұндай тәжірибесі бола бермейді. Осы тұрғыдан алғанда дуалды оқыту студенттерге оқу барысында кәсіби тәжірибе жинақтап, еңбек нарығында сұранысқа ие болуға және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыруға жол ашады.

«Дуалды оқытудың басты артықшылығы – оқу барысында тәжірибе жинақтап, келісімшарт негізінде ай сайын еңбекақы алу және еңбек өтілін қалыптастыру мүмкіндігі. Оқуымды аяқтағаннан кейін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған орталыққа жұмысқа орналасқым келеді. Қазірдің өзінде балалармен жеке сабақтар өткізіп, кәсіби тәжірибемді арттырып жүрмін», – дейді логопедия мамандығы бойынша білім алып жатқан 4-курс студенті Фарида Төреғалиева.

Дуалды оқыту жүйесінің тиімділігін жұмыс берушілер де атап өтеді. Мәселен, Атырау қаласындағы «Зерделі» халықаралық мектебі бағдарлама аясында бес студентті жұмысқа қабылдап, кадр тапшылығын шешудің қосымша мүмкіндігіне ие болды.

«Бұған дейін қажетті мамандарды Enbek.kz сайты арқылы іздейтінбіз. Биыл Атырау университетімен меморандум жасасып, дуалды оқыту бағдарламасы аясында студенттерді қабылдадық. Қазір бес студент өз мамандықтары бойынша сабақ беріп жүр. Олар өздерін жақсы қырынан көрсетіп, мектеп ұжымына бейімделіп келеді. Алдағы уақытта да жұмыс нәтижелері көңілден шықса, келесі жылы оларды тұрақты қызметке қабылдауды жоспарлап отырмыз», – дейді мектеп директорының орынбасары Айзада Зұлқашова.

Қазіргі таңда Атырау университеті 27 білім беру бағдарламасы бойынша 58 мекемемен келісім жасасқан. Олардың 50-ге жуығы – жекеменшік ұйымдар. Дуалды оқыту аясында еңбек жолын бастаған 93 студенттің 35-і келесі жылы оқуын аяқтайды.

Университет алдағы уақытта дуалды оқытуға қатысатын ұйымдар санын арттырып, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Бұл өз кезегінде білім беру бағдарламаларының тәжірибеге бағдарлануын күшейтіп, түлектердің кәсіби даярлығын жетілдіруге және олардың еңбек нарығына бейімделуіне ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1315784?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version