«Қауіпсіз жол»: ШҚО-да жол-көлік оқиғалары жиі болатын 30-дан астам учаскедегі кемшіліктерді жою шаралары айқындалды
Жол қауіпсіздігі жол жүрісі қағидаларын сақтаудан ғана емес, жол инфрақұрылымының жай-күйіне де байланысты.
«Қауіпсіз жол» арнайы жобасы аясында ШҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Рифхат Тауфиковтың төрағалығымен жол қызметтері мен мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.
Қатысушылар тасжолдарды күзгі кешенді тексеру нәтижелерін, көше-жол желісінің қысқы кезеңге дайындығын және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қауіп төндіруі мүмкін кемшіліктерді жою шараларын талқылады.
Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік полиция жолдарды күтіп-ұстауға жауапты ұйымдармен бірлесіп, жол-көлік оқиғалары жиі болатын 30-дан астам учаскедегі кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар әзірледі. Олардың қатарында «жарықтандырылған жаяу жүргіншілер өткелі» жүйелерін және жол қозғалысы қағидаларын бұзуды тіркеу кешендерін орнату, сондай-ақ жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру мәселелері бар.
«Жол-көлік оқиғаларының себептерін алдын ала анықтап, оларды дер кезінде жою маңызды. Егер белгілі бір жол учаскесінде қауіпті жағдайлар жиі туындаса, оның жай-күйін, қозғалысты ұйымдастыруды, жол белгілерінің көрінуін, жарықтандыру сапасын және басқа да факторларды кешенді бағалау қажет. Мұндай учаскелер тиісті қызметтердің тұрақты назарында болуы тиіс», — деп атап өтті Рифхат Шафихұлы.
Қысқы кезеңге дайындыққа да ерекше назар аударылды. Негізгі міндеттер қатарында жолдарды қардан уақытылы тазарту, жол жамылғысын көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеу, жол белгілері мен таңбаларының тиісті күйде болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелдері мен әлеуметтік нысандар маңында қауіпсіз қозғалыс жағдайларын жасау бар.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1315801?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау