Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлерге ведомстволық наградалар табыстады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен Сәния Қалдығұлова, Светлана Успанова және Болат Көптілеу марапатталды.
Салтанатты рәсімде Асхат Шахаров ардагерлердің мемлекеттік қызметті қалыптастыру мен дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Олардың көпжылдық тәжірибесі, кәсіби жауапкершілігі мен ел мүддесіне адал қызметі кейінгі буын мемлекеттік қызметшілер үшін үлгі екенін жеткізді.
Марапат иелерінің атынан Сәния Қалдығұлова сөз сөйлеп, көрсетілген құрмет пен еңбектеріне берілген жоғары баға үшін алғыс білдірді.
«Біз үшін бұл марапатты иелену – үлкен мәртебе. Көрсетілген құрмет пен еңбегімізге берілген баға үшін алғыс білдіреміз. Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын! Болашағымыз жарқын, еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!»
– деді Сәния Қалдығұлова.
Облыс әкімі марапат иелерін Республика күнімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық және бақ-береке тіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar/press/news/details/1316726?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау