Ақмола облысының 10 тұрғынына «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағы берілді

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Көкшетау қаласында өткен Республика күніне арналған салтанатты іс-шарада мемлекеттік және өңірлік наградалар табыс етілді.

Өңірдің дамуына қосқан үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін түрлі сала өкілдері марапатталды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және коммуналдық сала қызметкерлері, педагогтер, медицина мамандары, мәдениет қайраткерлері мен қоғамдық белсенділер «Парасат», «Құрмет», «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, сондай-ақ Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттармен марапатталды.

Салтанатты рәсімнің маңызды сәттерінің бірі – «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағын беру болды. Бұл жоғары атақ өңір алдындағы айрықша еңбегі, көп жылғы жемісті қызметі және облыстың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін беріледі. Тиісті кандидатураларды сегізінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары кезекті 33-сессиясында бекіткен еді.

«Ақмола облысының құрметті азаматы» атағына мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Сыздықов, Көкшетау қаласы мен Ақмола облысы ардагерлер кеңестерінің төрағалары Шияп Әлиев пен Ермек Нұғыман, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұқанов, еңбек ардагері, ұстаз Құралай Ыдырысова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, сондай-ақ кәсіпкер, отбасылық әулет дәстүрін жалғастырушы Александр Александрович Закусилов ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін, Ақмола облыстық филармониясының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында, мәдениет саласының тағы үш өкіліне осы құрметті атақ берілген болатын. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, профессор әрі ұстаз Қапаш Құлышева; ақын, жазушы, драматург, айтыскер, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов; сондай-ақ Қазақстанның халық әртісі, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы Жібек Бағысова бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1318014?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version