Ағымдағы жылдың 23 сәуір күні Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі (бұдан әрі-Өкіл) «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңестің бірлескен отырысы өтіп, онда «Аrt sport» бағдарламасының өңірдегі жүзеге асу барысы жан-жақты талқыланды.
Жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, күн тәртібіндегі сұраққа жауапты облыстық басқармалар басшылары қатысты.
Атап өту керек, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасында бұқаралық спортты дамыту, соның ішінде балалардың спорт, мәдени үйірмелерге тегін баруға мүмкіндігік жасау мәселелері қамтылған. Алайда балалардың спорттық және мәдени бағыттағы үйірмелерге тегін баруға мүмкіндігі, соның ішінде «Аrt sport» бағдарламасының іске асырылуы қоғамда кеңінен талқыланып,түрлі пікірлер туындаған болатын. «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс –қимыл жөніндегі кеңес мүшелері бұл бағыттағы жұмыстарға мониторингте жасады. Жиын барысында мониторинг қорытындысы бойынша жинақталған ұсыныстар ортаға салынып, жауапты басқарма басшыларының есептері тыңдалды.
Бұқаралық спортты дамыту, балалардың спорт үйірмелеріне тегін баруы мен осы мақсатқа бөлінген мемлекет қаржысының игерілуі бойынша облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев хабарлама жасады.
Басқарма басшысының айтуынша балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және спорттық тапсырыс аясында 2021-2025 жылдарға облыс бойынша 28,6 млрд.теңге қаржы қаралып, 12,1 млрд.теңге игерілген. 7,0 млрд.теңге бюджетке қайтарылған. Өткен жылы бұл мақсатқа 5,2 млрд.теңге жұмсалса, биыл жұмсалатын қаржы шығыны шамамен – 2,4 млрд.теңге. Яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есеге үнемделген.
«Сонымен қатар өңірде арнайы жұмысшы тобының зерделеу нәтижесінде 310 кәсіпкердің 215-мен келісім-шарттар біржақты бұзылған. Қазіргі уақытта облыста «Art Sport» бағдарламасы бойынша 52 кәсіпкер жұмыс істейді. Заңсыздықтардың алдын алу мақсатында барлық үйірмелер мен спорт секцияларына Face ID жүйесі орнатылды» дейді Бақтияр Артаев.
Жиын барысында көптеген ұсыныстар ортаға салынды. Сонда облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшесі Балжан Шәменова «Аrt sport» бағдарламасы тек қала, кент, аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық елді мекендерде де кең көлемде жүзеге асырылуы тиістігін атап өтті.
«Аrt sport» бағдарламасына бөлінген қаржының игілігін қала мен аудан орталықтарындағы балалар ғана көріп отырған секілді. Себебі шалғай ауылдарда мектептегі денешынықтыру сабағынан басқа балалардың спортпен шұғылдануына еш мүмкіндік жоқ. Ауыл балалары ауылда туғанына кінәлі емес қой. Сондықтан бағдарламаны елді-мекендерге дейін жеткізіп, ауыл балалары да оның жемісін көруіне жұмыс жасау керек»,-деді.
Фракция мүшесі Аида Әбибуллаева бағдарламаның негізгі мақсаты балалардың бос уақытын тиімді, ұтымды өткізу мен олардың денсаулығын шыңдауға бағытталғандығын тілге тиек етіп, бағдарлама жүзеге асқан уақыттан бергі балалардың қатысуымен орын алатын қылмыстар саны мен спортпен шұғылданған балалардың денсаулығына салыстырмалы түрде талдау жасап, бағдарламаның тиімді –тиімсіздігін анықтау жөнінде зерделеуді ұсынды.
Жиын соңында «Аrt sport» бағдарламасын жетілдіруге қатысты кеңес мүшелері тарапынан көтерілген ұсыныстар жинақталып, тиісті деңгейінде жауапты органдарға жіберілетін болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-kyzylorda-oblysy/press/news/details/982663?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау