Бекітілген кестеге сәйкес, аудан әкімінің тұрғындармен кезекті оныншы кездесуі Кеңес ауылдық клубында болып өтті. Онда аудан әкімі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып, еркін форматта сұрақ-жауапқа ауысты. Тұрғындар тарапынан көпке ортақ ағын су, таза ауыз су және Шахан ауылы бұрылысынан Кеңес ауылына дейінгі автокөлік жолын жөндеуге байланысты өтініштер айтылды. Көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімдігінің тиісті бөлім, мекеме басшылары нақты жауаптар қайтарды. «Өтеміс» каналы арқылы ауылға келетін «Кеңес», «Тәжібай», «Құмбел» ішкі каналдары келер жылы жөндеуден өткізілетіні, автокөлік жолы бойынша облыстық басқармаға ұсыныс жолданатыны түсіндірілді. Ал, жарық болмаған кезеңде таза ауыз су жүйесінің де тоқтап қалуына орай нақтылау жұмыстарын жүргізу керектігі ескертілді. Сондай-ақ, ауылдық ардагерлер кеңесін көп жылдар басқарған Бекжасар Ермаханбетовке аудан әкімінің Алғыс хаты табысталып, құрмет көрсетілді. Ендігі уақытта ауылдық ардагерлер кеңесіне төрағалық Ғалымжан Ақбердиевке жүктелді. Ауыл тұрғыны, ел ағасы Маратжан Юнусов аудан басшылығына ағалық ізгі тілегін арнады. Кездесу соңында аудан басшысы бірқатар тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың өтініштерін тыңдады. Әрбір қоғамдық қабылдауға қатысушыға заң талаптары аясында жауаптар беріліп, кейбір өтініштерге қатысты ауыл әкіміне тапсырма берілді.
Ақпараттық медиа орталығы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/980453?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау