18 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірлесуімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның 80 жылдығына арналған «Қанипа Бітібаеваның педагогикалық мұрасы және қазақ тілі мен әдебиетінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараны ШҚО әкімдігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырды. Конференцияның мақсаты – ұлт ұстазы атанған педагог Қанипа Бітібаеваның бай мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау, оның бірегей әдістемелік жүйесін жаңа буын педагогтерге жеткізу және қазіргі заман мұғалімдерінің тәжірибесімен бөлісу.
– Бүгінде Қазақстанда ғасырдан астам тарихы бар 97 мектеп пен 12 колледж жұмыс істейді. Бұл оқу орындары отандық білім берудің негізін қалаған нағыз тәрбие ошақтарына айналды. Мыңдаған шәкіртті білім нәрімен сусындатып, ілімнің іргетасын қалаушы ұстаз мектептің шынайы болмысы мен рухани атмосферасын қалыптастырады.
Осындай ұлағатты ұстаздардың қатарында әдебиетті оқытудың ұлттық үлгісін қалыптастырған, 40-тан астам кітап пен 150-ден астам оқу-әдістемелік мақалалардың авторы, педагогикалық шеберліктің шыңына шыққан Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваны айтуға болады. Ол айтқан еді: «Таңымды да «мектеп» деп, түнімді де «мектеп» деп жүргенімде 45 жылдың қалай өткенін білмей де қалдым… 45 минуттан 45 минутқа жалғасып жатқан ғұмыр кешіппін. Осы 45 минуттарда өмірімнің ең сәулелі, ең бақытты сәттері жатыр. Осы 45 минуттарда иірімі мен ирелеңі, етегі мен шыңы, жайлауы мен шөлі қатар келіп жататын маңдайға жазылған тағдырым да жатыр екен. Мен ұстаз тағдыр, ұстаз ғұмырда: «Қолыңнан келсе, кеудеңде шырақ жандыр» деген Ахмет Иассауи нақылын ұстаным етемін»
Қанипа Омарғалиқызының мұрасы – әдістемелік еңбектер ғана емес, ұлттық руханиятқа қызмет ететін тұтас педагогикалық оқу орны. Ол мұғалім үнемі ізденіс үстінде болуы керек, онсыз алға жылжу болмайды деп есептеді. Ал ілгерілеусіз білім – тоқырау. Қанипа апай әдебиет пәнінің мұғалімі ғана емес, ұлттық педагогиканы жаңа деңгейге көтерген ғалым-педагог, жаңашыл әдіскер болды.
Қанипа апай ұлттық руханиятты терең меңгерген, ұлы жазушылар Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезовтің шығармаларын оқыта отырып, ұлттық санаға бағыт-бағдар берген дара тұлға еді. Оның өмірінен мысалдар, адамгершілікке тәрбиелейтін әңгімелер әрбір ұстаз үшін әдістемелік құндылық.
Бүгінгі таңда оның есімімен аталатын 17 ғылыми-әдістемелік зертхана, бүкіл республика бойынша өткізілетін қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиадалар Қанипа Бітібаеваның педагогикалық мектебінің өміршеңдігінің айғағы. Оның шәкірттері еліміздің әр өңірінде және шет елдерде еңбек етіп, ұлттық руханиятты көтеруде, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, Қанипа Омарғалиқызының еңбегін ардақтау өткенге тағзым ету ғана емес, болашаққа жол көрсету дегенді білдіреді, өйткені заманауи ұстаз – болашақтың сәулетшісі. Демек, басты міндетті орындауда – рухани бай, ұлттық сана-сезімі жоғары балаларды тәрбиелеуде ұстаз еңбегі мен тәжірибесі сенімді тірек, құнды бағдар.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөзінде қазақ руханияты мен білімінің көрнекті тұлғасы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының құрметті академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің кавалері Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы ерекше рөлін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде қазақ тілінің мәртебесін көтеру – ұлт болашағына тікелей қатысты мәселе екенін ерекше атап өтті. «Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған тіл саясатының тұжырымдамасында» ұлттық бірегейліктің негізі және дамудың стратегиялық ресурсы ретіндегі мемлекеттік тілдің рөлін күшейтуге ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағытта тіл мен әдебиеттің дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың еңбектері ерекше маңызға ие. Сондай тұлғалардың бірі – тіліміз бен әдебиетіміздің дамуына зор үлес қосқан ұлағатты ұстаз Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева. Оны көзкөргендер «Хан апа», «Қазақтың Қанипасы» деп атайтын, – дейді облыс әкімі.
Ұстаз мұрасын одан әрі зерделеу және насихаттау мақсатында қазіргі таңда республика бойынша Қ.О. Бітібаева атындағы 17 зертхана филиалы, үш бірлестік орталығы және Алматы қаласында Республикалық ғылыми-әдістемелік зерттеу орталығы бар.
2015 жылдан бастап Қазақстанда мектеп оқушылары арасында, ал 2022 жылдан бастап колледж студенттері арасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Қ.Бітібаева атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасы өткізілуде. Шығыс Қазақстан облысына жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды оқушылар жиналып, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша білімдерін тереңдетіп, жетілдіріп, интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін шыңдайды.
– 2021 жылы облыс орталығындағы көшелердің біріне ардақты ұстаз, жерлесіміз, Тарбағатай ауданының тумасы Қанипа Бітібаеваның есімі берілген. Қазіргі таңда мұғалімнің авторлық сыныбын бітірген түлектер арасында 20 ғылым кандидаты, алты филология және педагогика ғылымдарының докторы, бес PhD докторы бар. Оның ақын шәкірттері республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары, «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаттары атанды. Қанипа Омарғалиқызының еңбектері, халқына сіңірген еңбегі – мәңгілік, баға жетпес мұра, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Пленарлық отырыс пен тақырыптық алаңдарда конференцияға қатысушылар дарынды ұстаздың авторлық мектебі мен еңбек ету әдістемесі, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы көзқарасы, кәсіби шеберлігі, инновация, инновациялық технологиялары, озық тәжірибесі мен ұстаздық мұрасын талқылады.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ ШҚО бойынша КДИ мен Ұстаздар үйінде тақырыптық алаңдар өтті.
Шара барысында конференция қонақтары Қанипа Бітібаеваның мұражайын, ұстаздар зертханаларының филиалдарының көрмесінде болып, оның өмірі мен шығармашылығы туралы театрландырылған қойылымды тамашалады.
Конференцияда Абай Шүйіншәлінің «Тау тұлғалы тау қызы» атты естеліктер жинағының тұсаукесері өтіп, ұлағатты ұстаздың бейітіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/979515?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау