ҰЛТ РУХЫН ОЯТҚАН ҚОС ӘН
Қазақ руханиятының абызы Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдық мерейтойы аясында Сырым даласының әр ауылында 1 мамырдан бастап күн «Атамекенмен» атып, «Жымпиты жырымен» батуда. Әуеде таралған әндер әр жүректе жаңғыруда.
«Атамекен» — сан ұрпақты елдік пен ерлікке баулыған ұлы ән. Тыңдаған жанның жан-дүниесін ерекше күй билеп, бойына рух дарығандай күй кешеді. Әннің тарихын осы орайда айта кетейік. Бұл ән — Қадыр Мырза Әлі мен композитор Ескендір Хасанғалиевтің жүрек үндестігінен туған туынды. 1970 жылы Қазақ КСР-інің 50 жылдығына орай ел көлемінде Отан туралы ән жазу тапсырмасы түскенде, таңдау аналардың жанын тербеткен «Анаға сәлеммен» танылған жас композитор Ескендір Хасанғалиевке түседі. Шынайы шабытпен жазылған әуенге Қадыр ақын жүректен сөз өрді. Осылайша «Атамекен» өмірге келді.
Бұл әнді алғаш рет Есағаң Алматыдағы Республика сарайында, Үкімет басшылары қатысқан салтанатты кеште Нұрғали Нүсіпжановпен бірге шырқады. Залда отырған жұртшылықтың жанарына жас іркілді. Көп ұзамай «Атамекен» қазақ даласын шарлап кетті. Ән шетел асып, Ескендір Хасанғалиев Стокгольм төрінде шырқағанда, қандас бауырлар атажұртты сағынып, көздеріне жас алған екен.
Қадыр Мырза Әлі өзі «Иірімінде» жазғандай: «Ерте ме, кеш пе, сіз секілді, біз секілді адамдардың іздеушісі болады. Олар біздің өмірімізді,шығармамызды іздейді…» депті Шәмшіге. Ақынның бұл сөзі өзіне де дөп келіп тұр. Бүгінде барша Сырым елі Қадырдың сөзіне жазылған әнімен оянып, тыныстауда.
Жерлес ақын Бауыржан Халиолланың сөзі мен сазына жазылған «Жымпиты жыры» да – елдің жүрегінен орын алған тағы бір рухты туынды. Сырымдықтар үшін ол да «Атамекенмен» тең дәрежеде бағалы.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/988837?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау