МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ЕЛ ҚОРҒАНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген күштік құрылым қызметкерлеріне және сын сағатта аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға зор құрмет көрсетті. Аймақ басшысы бірқатар қызметкерді «Ерең еңбегі үшін» медалімен, облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» және «Алғыс хаттармен» марапаттап, олардың ел алдындағы еңбегін ерекше атап өтті.

Салтанатты шараны Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары жалғастырып, әсерлі концерттік бағдарлама ұсынды. Мерекелік кеш барысында Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының талантты әртістері дайындаған «Ұлы елдің ұландары» атты патриоттық қойылым көрермен назарына ұсынылып, жүрегіне жол тапты.

Сонымен қатар, «Баласағұн» мәдениет сарайының фойесінде Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы тақырыптық кітап көрмесін ұйымдастырып, келуші көрерменге шолу жасады.

Әсем ән мен әсерлі көріністерге толы кеш жиналған жұртшылықтың көңілінен шығып, Отанға деген сүйіспеншілікті, елге деген адалдықты терең сезіндірді. Патриоттық рухты көтеріп, жүректерге отансүйгіштік сезім ұялатқан бұл шара – ерліктің, бірліктің және бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын мазмұнды мереке болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/990675?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version