Ақтөбеліктер «Ардагерлерге тағзым» онлайн-акциясына қатысып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары Ұлы Отан соғысының батырларына арналған бейне жазбаларымен және фото суреттерімен бөлісіп, қысқаша тарихы мен естеліктерін жариялап, өздерінің осы бір оқиғаға қатысқан туыстары жайлы баяндайды.
Мәселен, Шалқар өңірінің тумасы Қазбек Бахиұлы майданда соғысқан ардагер әкесінің өмірін мақтанышпен айтады. Ол небәрі 18 жасында Отан қорғауға аттанған.
«Менің әкем 17-ші десанттық бригадада старшина, 2-ші Украина майданында танк командирі болған. Ол Украина, Венгрия, Чехословакия, Австрия сияқты елдерді азат етуге қатысқан.«Ол үшін соғыс Венада аяқталды», – деп жазады Қазбек.
Бахи Исмаилов демобилизациядан кейін техникумды бітіріп, тауартанушы болып жұмыс істейді, кейін Жұрын ауылында аудандық тұтынушылар одағын басқарды. Жұбайы Хатира Қитарова екеуі алты баланы тәрбиелеп өсірді.
Акцияның тағы бір қатысушысы ақтөбелік Қуанышбай Күмісбаев өз жазбасын атасы Жұмабай Күмісбаев туралы естеліктерге арнады.
«Менің атам 1910 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген. Ол қарапайым еңбек адамы. 1942 жылы майданға аттанып, 1946 жылы елге оралған. Бала кезімізде атамның соғыс туралы сирек, аз сөйлейтінін байқап, сол жылдардағы жараның әлі жазылмағанын сезетін едік. Ол сол зұлмат жылдарды еске алғысы келмейтін», – деп жазады ақтөбелік.
Акцияға Өңірлік коммуникациялар қызметі белсенді қолдау көрсетіп, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Алексей Маресьев, Өтеген Сейітов сынды көрнекті батырларға арналған бірнеше танымдық бейнероликтер дайындады. Ақтөбенің орталық көшелері осы майдангерлердің құрметіне аталған.
Бүгін, 9 мамыр күні бүкіл ел Ұлы Жеңістің 80 жылдығын ерекше құрметпен атап өтуде. Ақтөбеліктер майдан даласынан оралмаған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, Даңқ обелискіне, Кеңес Одағының Батыры, қазақтың аты аңызға айналған мерген қызы Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешеніне, Батырлар аллеясына және басқа да ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты шараларға ардагерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жас жауынгерлер, студенттер, қоғамдық ұйымдардың, түрлі мекеме өкілдері мен қала тұрғындары қатысуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/992897?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау