Василий Иванович Грецкий – өңірдені көзі жалғыз екінші дүниежүзілік соғыс ардагері. Қазір оның жасы 101-де.
Жеңіс күні Хромтау қаласында ардагер тұратын үйдің ауласында салтанатты шара өтті. Оған облыс және аудан әкімдіктерінің өкілдері, әскери комиссариат қызметкерлері, жастар, оқушылар, қоғамдық ұйымдар мен қала тұрғындары қатысты.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Василий Ивановичке соғыс жылдарындағы ерлігі үшін зор алғысын білдіріп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мерейтойлық медальді кеудесіне тақты.
«Сіз сол бір сұрапыл соғыстың ауыр сынақтарынан өтіп, бостандық пен әділдікке деген берік сенімді сақтай білдіңіз. Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, ерлік пен батырлықтың жарқын үлгісін көрсеттіңіз. Біз жас ұрпаққа үлгі ретінде Жеңіс сыйлаған батырлардың ерлігін әрдайым жадымызда сақтаймыз», – деп Мемлекет басшысы құттықтау хатында атап өткен.
Салтанатты шара барысында ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың құттықтау хаты да оқылып, Қарулы Күштер ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы Қажымұқан Сәтенов хатты ардагерге табыстады.
Василий Грецкий 1924 жылы Беларусь жерінде дүниеге келген. 1935 жылы отбасымен бірге Қазақстанға, Жамбыл облысына қоныс аударады. 1942 жылы Алматы қаласынан әскерге шақырылып, майданға аттанады. Ол кавалерия құрамында қызмет етіп, Беларусь, Украина, Польша, Румыния мен Чехословакияны азат етуге қатысқан. Жауынгерлік қызметі үшін «Қызыл жұлдыз» және II дәрежелі Отан соғысы орденімен, бірнеше медальмен марапатталған.
Бүгінде ардагердің екі қызы, бір ұлы, алты немересі және он шөбересі бар. Хромтаулық жастар батыр атаны ұмытпай, үнемі келіп сәлем беріп тұрады.
Кездесу барысында Василий Иванович майдан даласындағы ауыр жылдарды еске алып, соғыста қаншама адамның ел мен жер үшін қан төккенін айтып, қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынды. Сонымен қатар, ол тыл еңбеккерлерін де Жеңіс күнімен құттықтап, олардың Жеңіске қосқан үлесінің зор екенін алға тартты.
Кездесу соңында Асхат Шахаров ардагерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі әрдайым ел есінде сақталатынына сенім білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/992898?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау