2025 жылғы 9 мамыр, Майндағы Франкфурт – 2025 жылғы 9 мамырда Майндағы Франкфурт қаласындағы орталық зиратта Қазақстан Республикасының Бас консулдығы Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан Кеңес Одағының жауынгерлеріне арналған мемориалға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Бұл іс-шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Бас консулы Тауболды Үмбетбаев мемориалға гүл шоғын қойып, жауынгерлердің ерлігін еске алып, олардың Жеңіске қосқан зор үлесіне алғыс білдірді. Өз сөзінде Қазақстаннан майданға аттанған 1,2 миллионнан астам жауынгердің ерлігі мен қанық тарихы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатынын және ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Қазақстанның көптеген азаматтары қанқұйлы соғыста жанын пида еткенін, олардың есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталатынын атап өтті.
Салтанатты рәсімге ТМД елдерінің дипломатиялық миссияларының өкілдері, қала басшылығы, ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар қаза тапқан жауынгерлердің рухына бір минут үнсіздік жариялап, гүл шоқтары қойылды. Бұл әрекет бейбітшілік, құрмет және ортақ ерліктің символы ретінде қабылданды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-frankfurt/press/news/details/992732?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау