АБДОЛЛА АЛАУҒА АЙНАЛҒАН ЖЕР қай жерде?! (“АБДОЛЛА ІЗІМЕН: Былқылдақтан Новинкиге дейін!” жолжазбасынан үзінді) 30.04.2025

Жарияланды:

Автор:

категорияда
АБДОЛЛА АЛАУҒА АЙНАЛҒАН ЖЕР
қай жерде?!
(“АБДОЛЛА ІЗІМЕН:
Былқылдақтан Новинкиге дейін!” жолжазбасынан үзінді)
30.04.2025
Новинки селосы Волоколамсктен солтүстік батыс бетінде 22 шақырым қашықтықта екен. Лама өзені аяғымыздың астында қалды.
Жолай Сергей Николаевич төңіректі таныстыра отырды.
– Мынау не тоғай?!
– Тимокеев тоғайы. Бұл жерден қанша сарбазды “көтердік”. 4 – 5 жыл сайын зор олжаға жолығамыз. Мылтықтар, сейфтер, сүйектер. Біздің клуб 25 мың мүрдені тауып, қайта жерледі. Одан кейін санауды қойдым. – деді Сергей.
****​​****​​****
Ильнское деген жерден оңға бұрылдық. Көне шіркеу бар екен. “Церковь Ильи пророка” – деп тұр. Ауыл атауы да Ілияс пайғамбардың атынан шыққан болды ғой деп топшыладық. Ұзамай Новинки деген жазу көрінді. Солға қарай кеттік.
Новинки дегенің жардың басында орналасқан ауыл екен. Екі көшеден тұрады. Ескі үйлер де, жаңартылған қос қабатты саяжайлар да бар.
Етекте жыландай ирелеңдеп жылға жүріп жатыр. Түсіп, жағалап көрдік. Мүлгіген тыныштық. Су тұнық. Екі жерде жаяу өткел бар.
– Мына жерде үлкен, қос қабатты ағаш астық қоймасы тұрған. Шатыры бар, бір қарағанда үйге ұқсайды. Немістер етектен келген. Лейтенант Григорьевтің ротасы атыса шегініп, қабаққа көтерілген. Абдолла Жұмағалиев қасындағы жолдастарымен жауды бөгеу үшін қамбаға бекінеді. Рота әрі қарай қауіпсіз орынға қарай жылжыды. Әрі қарайғы сценарийді білесіздер. Қоймаға от тиді. Төбесі қамыс, қабырғасы бөрене құрылыс ұзақ жанды, лапылдап жанды. Мына қызық дерекке қараңыз. Ақын Абдолла Жұмағалиев пулеметші боламын деп армандаған. Арманы өмірінің ақырғы сәтінде орындалыпты. Мылтықтың оғы таусылып, екінші қабатта құрулы тұрған пулеметтің тізгініне жармасты. Олай да бұлай оқ боратқан. – деп қосты Бобинов.
1941 жылдың 26 қазанында болған ерлік сағаты, азалы сәт туралы Әбу Сәрсенбаев “Ақын жүрегінің алауы” шығармасында көркем баяндады. Ал, Дмитрий Снегин “На дальних подступах…” кітабында селоның атын Новинки деп көрсетеді әрі ақын досының ажалмен кездесуіне куәгерлік етеді. Рота командирі В. Григорьев 1943 жылы шыққан “Писатель – герой!” мақаласы – оқиғаның шынайы келбеті еді.
Әскери археолог бұл жерге 1980 жылдары келген. Новинки ауылының көнекөздерімен сөйлескен. Селоның ескі жады немістердің шабуылы болғанын, Қызыл Армияның әскерлері бекінген ауыл шетіндегі ағаш үйге бекінгенін, сол жерде мүрде жатқанын айтыпты. Тіпті сол орынды қазып көрген. Күрегіне күл мен күйе ілігіпті. Қазір өртенген қамбаның орынында екі қабатты үй тұр.
Үйдің қарсы бетінде әдемі ағаш үй бар. Ауласында жидегүл гүлдеп тұр.
Үйлердің көше атауын, санын анықтай алмадық. Тек, қарсы үйлердің бірінде 22 деген нөмір тұр.
– Дәл осы жер деп сенімді сөйлеуімнің себебі – неміс шабуылынан Новинки ауылында үш үй ғана зардап шеккен. Біреуі өртенген. Бұл селоға 1998 жылы да келдім. Бақшадан бір жауынгердің денесі шықты. – деді Сергей Николаевич.
Сергей Бобинов айтқан қамбаға бекінген жігіттер – Абдолла Жұмағалиев, Иван Дунай және Әбіл Құндыбаев – тұғын.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/993739?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version