АБАЙ ОБЛЫСЫНДА «WORLDSKILLS ABAI – 2025» АЙМАҚТЫҚ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абай облысында кәсіби шеберліктің үшінші өңірлік чемпионаты – «WorldSkills Abai – 2025» өз жұмысын бастады. Салтанатты ашылу рәсіміне қатысушылар, сарапшылар мен өңір колледждерінің өкілдері жиналды.

 

Чемпионаттың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, жастарды кәсіптік білім алуға ынталандыру және халықаралық талаптарға сай мамандар даярлау.

 

Биылғы чемпионатқа өңірдің 29 колледжінен 215-тен астам студент қатысып, 55 құзыреттілік бойынша өзара бақ сынайды. Олардың кәсіби шеберлігін 300-ден астам білікті сарапшы бағалайды. Тәжірибелік кезең 13–16 мамыр аралығында 10 колледж базасының заманауи өндірістік алаңдарында өтеді.

 

Чемпионат аясында қатысушылар ақпараттық технологиялар мен робототехника, құрылыс және жөндеу, қоғамдық тамақтану мен сервис,  инженерлік және көлік қызметтері, педагогика, шығармашылық және денсаулық сақтау, қаржы, бизнес және дизайн бағыттары бойынша жарысады.

 

Ашылу салтанатында Абай облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауржан Туленов қатысушыларды құттықтап, чемпионаттың маңыздылығына тоқталды:

 

«WorldSkills чемпионаты – қазіргі таңда әлем бойынша беделді және сұранысқа ие дода. Бұл жастардың кәсіби бағыттағы қабілеттерін шыңдап, халықаралық стандарттарға сай маман болып қалыптасуына ықпал ететін тиімді алаң. Облысымыз екі жыл қатарынан республикалық чемпионаттың жеңімпазы атанып келеді. Біз бұл нәтижені сақтап қалуға және одан әрі жетілдіруге ұмтылуымыз қажет. Чемпионатқа қатысушы жастарға сәттілік, білім беру ұйымдарының намысын абыроймен қорғауды тілеймін», – деді ол.

 

Чемпионаттың жабылу және марапаттау рәсімі 20 мамыр күні өтеді.

WorldSkills Abai – 2025 чемпионатының қорытындысы бойынша республикалық кезеңде Абай облысының атынан өнер көрсететін үзік жаңа құрам жасақталады. Бұл құрама облыс атынан өнер көрсетіп, ұлттық деңгейдегі бәсекеде аймақ абыройын қорғайды.

 

Абай облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-bilim/press/news/details/994099?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version