Өңір басшысы Ақтөбедегі ҚХР Бас консулын қабылдады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Айтып өтейік, былтыр облыс орталығында Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы ашылған еді.

Облыс әкімі Ақтөбеде Қытайға жасаған іскерлік сапарының қорытындысы бойынша ҚХР Бас консулымен жүздесті.

Өңір басшысы Асхат Шахаров ҚХР Бас консулы Го Юйға Ақтөбе делегациясының Қытайға сапарын ұйымдастыруға және сүйемелдеуге қолдау білдіргені үшін алғысын білдірді.

«Қытайдағы жұмыс сапарымыздың негізгі мақсаты – экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, жаңа инвесторларды тарту және Ақтөбе облысы мен Қытай Халық Республикасының өңірлері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту болды. Іссапар барысында біз мемлекеттік органдардың өкілдерімен және жетекші қытай компанияларымен нәтижелі кездесулер өткіздік, өнеркәсіптік нысандарда болдық, ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойдық. Облыс аумағында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша алдын ала уағдаластықтарға қол жеткіздік. Енді келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыруда Бас консулдық тарапынан одан әрі қолдау болатынына сенеміз», – деді облыс әкімі. 

Асхат Шахаров бұл кездесу Қазақстан-Қытай әріптестігін өңірлік деңгейде нығайтудың кезекті қадамы болатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде, ҚХР Бас консулы Го Юй Ақтөбе облысы делегациясының Қытайға жасаған сапарының қорытындысын жоғары бағалап, қол жеткізілген келісімдердің болашағына сенім білдірді. Сондай-ақ, Бас консулдық бірлескен бастамаларды іске асыруда және Қытай өңірлерімен әрі бизнеспен байланыстарды кеңейтуде қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Қытайда  өткізілген кездесулер нәтижесінде 1 миллиард АҚШ долларынан астам сомаға меморандумдар бекітілді.  Атап айтқанда, Хромтау ауданында жалпы қуаттылығы 300 МВт екі жел электр станциясын, өндірістік қуаттылығы тәулігіне 5000 тонна клинкер цемент зауытын, Орташа көміртекті легирленген болат өндіру зауытын, Әйтеке би ауданындағы «Бенқала» кен орнында мыс концентратын шығару фабрикасын салу жобаларын іске асыру жоспарлануда.

Кездесу соңында тараптар өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екендерін растап, одан әрі бірлескен жұмысқа әзірліктерін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-digital/press/news/details/994424?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version