Бүгін Шымкент қаласының саябақтары мен мәдени-демалыс орындарында Абайдың жырлары мен әндері қалықтап, «Абай әлемі – отбасы құндылығының темірқазығы» атты қалалық іс-шара өтті. Бұл рухани мазмұндағы жиын – ұлы ойшылдың 180 жылдығы мен Халықаралық отбасы күніне арналды.
Қаладағы 160 мектеп пен 20-дан астам демалыс орнында бір мезгілде өткен шараға 160 мыңға жуық оқушы, ата-ана, ұстаз, зиялы қауым мен қала тұрғындары қатысты. Қатысушылар Абай өлеңдері мен қара сөздерін оқып, театрландырылған көріністер мен поэтикалық композициялар ұсынды. Кейбір мектептер оқушылар мен ата-аналардан құралған хорлар арқылы Абай әндерін шырқады.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек: «Абай мұрасын дәріптеу – ұрпақ санасына рухани құндылықтарды сіңіру жолы. Бүгінгі шара қала бойынша 180 локацияда өтуде», – деді.
Іс-шараға әдебиеттанушы Құлбек Ергөбек, абайтанушы Бектай Қожахмет және Қоғамдық кеңес төрағасы Бұқарбай Парманов қатысып, руханият пен ұлттық тәрбие мәселелеріне тоқталды. Абай саябағындағы ағаштарды мектеп оқушыларына бекіту туралы ұсыныс та айтылды.
Бұл игі бастама – Абай мұрасын ұлықтап, отбасы институтын нығайтуға бағытталған тағылымды шара ретінде жоғары бағаланды.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, «Шымкент келбеті»
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-bilim/press/news/details/996967?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау