Өткен жыл Ақмола облысында тұрғын үй құрылысының дамуына серпін берген маңызды кезең болды. Мемлекеттік қолдау мен ауқымды бағдарламалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде өңірде 28 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1 571 отбасы қоныс тойын тойлады.
Бұл үйлердің қатарында несиелік пәтерлер де, әлеуметтік осал топтарға арналған әлеуметтік тұрғын үйлер де бар. Әлеуметтік жалдамалы тұрғын үй құрылысына да ерекше көңіл бөлінді. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, жыл ішінде 149 пәтерлік 4 үй салынып, олар кезекте тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға табысталды.
Салынған тұрғын үйлердің басым бөлігін несиелік үйлер құрады — 1 077 отбасыға арналған 20 үй салынды. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлардың салдарын жою мақсатында тағы 4 үй бой көтеріп, 345 отбасы жаңа қонысқа ие болды.
Тұрғын үй саласындағы мемлекеттік қолдау сапалық жаңа деңгейге көтерілді. Өткен жылы әлеуметтік осал топтар үшін қосымша 850 пәтер сатып алынды. Бұл нәтижеге бюджеттік несиелер мен мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен қол жеткізілді. Бұл көптеген отбасылар үшін тек тұрғын үй мәселесін шешу ғана емес, сонымен қатар болашақта баспананы жекешелендіру мүмкіндігіне жол ашты.
«Біздің басты міндетіміз – Қазақстан азаматтарын, әсіресе тұрғын үйге аса мұқтаж жандарды баспанамен қамту. Біз пәтерлерді бюджет есебінен сатып алу, облигациялар шығару сияқты барлық тетіктерді іске қостық. Соның нәтижесінде 2 421 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. Жалпы өңірде 6 мыңнан астам отбасы жаңа қонысқа ие болды», – деп мәлімдеді салалық басқармадағылар.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасады. 2025 жылы Ақмола облысында тағы 24 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілмек. Жаңа баспанаға 932 отбасы қоныстанады деп жоспарлануда. Оның ішінде 182 отбасы жалдамалы, ал 750 отбасы несиелік үйлерден пәтер алады. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен 188 пәтер, мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен тағы 68 пәтер сатып алу көзделіп отыр.
Жылдың жарқын оқиғаларының бірі – 8 наурыз қарсаңында Целиноград ауданында 45 отбасыға жаңа пәтер кілттерінің табысталуы болды. Бұл шара өңірдегі тұрғын үй саясатының орнықты дамуын және оның әлеуметтік маңыздылығын айқын көрсетті.
Ал атқарылған жұмыстың ең жақсы бағасы – жаңа баспанаға ие болған отбасылардың шынайы қуанышы. Жүздеген отбасы тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімге ие болып, билікке қолдау мен қамқорлық үшін алғыстарын білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-uvp/press/news/details/995818?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау