Түркістан қаласында өткен «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» эпостық жырларды жатқа айту байқауы өз мәресіне жетті. Байқау Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
Сайыстың соңғы күнінде «Қобыланды батыр» эпостық жыры дәріптелді. Оған өңірдің барлық аудан, қалаларынан 21 талантты оқушы қатысып, көрермендерді тәнті етті.
Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың өнерін әділ бағалау үшін көп күш салды. Олар қатысушылардың дауыс ырғағына, сахналық мәдениетіне, эпостың мәнін жеткізу шеберлігіне, жырды терең түсінуіне ерекше назар аударды. Қазылар алқасының құрамында Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Мәдени демалыс жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Мұрат Жұманов, жыршы және термеші, ҚР Мәдениет қайраткері Абылай Бөріханов, сондай-ақ Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Халық шығармашылығын қамтамасыз ету» бөлімінің «Ұлттық шығармашылық және жанрлар» маманы Аязбек Рүстемов болды.
Қазылар құрамының шешімімен жүлделі II орын түркістандық Өтебек Аяулымға және шардаралық Ақылжан Алмасұлына бұйырды.
III орынды Мәлік Гүлсезім (Отырар ауданы) және Өмірали Ақдидар (Қазығұрт ауданы) алды. Бұдан бөлек, Сарыағаш ауданынан Гүлсезім Ермекке және түркістандық Пернебай Айзереге арнайы жүлделер табысталды.
Айта кетейік, бұл байқау бұған дейін де өз жалғасын тауып, «Парпария» мен «Едіге» секілді қазақтың көрнекті эпостық жырлары бойынша ұйымдастырылған болатын. Әр кезеңде қатысушылар ұлттық мұрамыздың терең мәнін ашып, жыр арқылы елдік пен ерлік рухын жеткізді. Бүгінгі байқау әйгілі «Қобыланды батыр» жырымен түйінделіп, ұлттық рухты дәріптеудің, жас ұрпаққа рухани тәрбие берудің тағы бір жарқын үлгісіне айналды. Эпостық жырлар арқылы қазақ халқының батырлық болмысын, мәдени-рухани байлығын дәріптеу – осы байқаудың басты мақсаты болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-madeniet/press/news/details/995743?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау