Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдер арасында «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» эпостық жырларды жатқа айтудан облыстық байқау өтті.
Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған бұл шараға Түркістан өңірінің барлық аудан-қалаларынан 21 дарынды оқушы қатысып, «Едіге» жырын жатқа айтып, көрерменге рухани азық сыйлады. Сайысқа қатысушылар өз шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетті дейді ұйымдастырушылар. Олар «Едіге» жырын жатқа айтып қана қоймай, әр сөзді ерекше сезіммен жеткізіп, тыңдаушыларды өз өнерімен баурап алды. Әрбір қатысушының орындауында терең мағына мен рухани байлық көрініс тапты.
Қатысушылардың өнерін сараптаған қазылар алқасының құрамында Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Мәдени демалыс жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Мұрат Жұманов, жыршы, термеші, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Абылай Бөріханов, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Халық шығармашылығын қамтамасыз ету» бөлімінің «Ұлттық шығармашылық және жанрлар» маманы Аязбек Рүстемов болды.
Бұл байқау – ұлттық рухты жаңғыртатын, жас буынның бойында мақтаныш пен отансүйгіштік сезімін қалыптастыратын дәстүрлі тағылымды шараның біріне айналды.
Қазылар алқасы байқауда қатысушылардың жырды жатқа айту шеберлігіне, дауыс ырғағына, сахналық мәдениетіне және эпостың мәнін дұрыс жеткізуіне мән берді. Олар тек техникалық орындауды ғана емес, әрбір қатысушының шығарманы терең түсініп, сезіммен орындауын да бағалады.
Қорытындылай келе, жеңімпаздар:
Бас жүлде:
– Жақсыбай Бейбіт (Отырар ауданы)
I ОРЫН:
– Романқұл Дәурен (Мақтаарал ауданы)
II ОРЫН:
– Сембай Айару (Түркістан қаласы)
– Асқар Пернекүл (Қазығұрт ауданы)
III ОРЫН:
– Момиш Алмаз (Түркістан қаласы)
– Дерісбек Шапағат (Отырар ауданы)
– Әсет Исахбай (Сарыағаш ауданы)
Сондай-ақ, үздік деп танылған қатысушыларға арнайы жүлделер табысталды.
Айта кетейік, байқау ары қарай жалғасты. Жас дарындар «Қобыланды батыр» эпостық жырын жатқа айтудан сайысқа түсті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-madeniet/press/news/details/995742?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау