Ағымдағы жылдың 14 мамыр күні аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев футзалдан Қазақстан чемпионатында жүлде алған қызылобалық Ерғали Ғазизов жаттықтырған Айбын Айдын, Оразалы Ермекқали, Серікбол Төлешті арнайы қабылдады. Басқосуда Алпамыс Жаңабайұлы жерлес футболшылардың жетістігін айрықша атап өтіп, игі тілегін жеткізді. Сондай-ақ 2016 жылдан бастап футзал үйірмесін ашып жұмыстанып келе жатқан жаттықтырушы Ерғали Маратұлына алғысын айтты. Жасөспірімдерден құралған құрама жуырда өткен жарыста жоғары ойын үлгісін көрсетіп, өз шеберліктерімен көзге түсті. Бұл жетістік — жаттықтырушы мен шәкірттердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі екенін атап өткен аудан әкімі:
– Спорт — жастарды тәртіпке, төзімділікке, жеңіске ұмтылуға тәрбиелейді. Сіздердің жеңістеріңіз — ауданымыздың абыройы,— деді.
Облысымыздың намысын Бәйтерек U 19 командасында абыройлы қорғаған жерлестеріміз өткен жылы қазан айында басталған чемпионаттың жүлделі кубогын наурыз айында төбелеріне көтерген.
Биылғы жылы мектеп бітіргелі тұрған жас спортшылардың алдағы жоспарлары туралы ой бөлісіп, аудан мақтаныштарына алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.
Жаттықтырушы Ерғали Ғазизов та тойдан тобықтай деген ырыммен аудан әкіміне жас жұлдызымыз, болашақ Челси футболшысы Дастан Сатпаевтің спорттық жейдесін сыйға тартты.
Айта кетейік, Айбын Ақболатұлы мен Серікбол Шынболатұлы 2024 жылдан бастап Бәйтерек U 19 құрамасында тұрақты жалақы алып, жас спортшыларға үлгі болуда.
Мұндай қабылдаулар жас буынға жігер сыйлап қана қоймай, спортқа деген қызығушылықты арттыра түсетіні анық. Бұл — жеңіске деген сенім мен шабыттың бастауы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-zhangala/press/news/details/996106?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау