2024–2025 оқу жылын Жамбыл облысында 246 мыңнан астам оқушы аяқтайды

Жарияланды:

Автор:

категорияда
2024–2025 оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалды. Дәстүрлі түрде 34 аптаға созылған оқу жылы биыл жамбылдық 246 мыңнан аса оқушы үшін мәресіне жетіп отыр.
 
Оқу жылының соңғы аптасында еліміздің барлық мектептерінде маңызды әрі тәрбиелік мәні зор шаралар өтеді. Атап айтқанда, 23 мамыр күні Қазақстан бойынша барлық мектептерде бірыңғай «Білімім — Отаныма» тақырыбында сынып сағаты ұйымдастырылады. Бұл – оқу жылының қорытындысы іспетті іс-шара, онда ұстаздар мен оқушылар бірге жиналып, өткен жылдағы білім мен тәрбие саласындағы жетістіктерді, есте қалған жарқын сәттерді еске түсіреді.
 
Бірыңғай сынып сағатының негізгі мақсаты – оқушылардың бойында патриоттық сезімді, білімге құштарлық пен еңбекқорлықты дамыту. Бұл – тек оқу жылының қорытындысы ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақты ел болашағына жауапты тұлға ретінде тәрбиелеудің бір жолы.
 
2024–2025 оқу жылының ресми аяқталуы жексенбіге сәйкес келгендіктен, 11-сынып түлектері үшін соңғы қоңырау салтанаты 23 немесе 24 мамырда мектеп әкімшілігінің шешімімен ұйымдастырылады. Бұл күні түлектерге арналған салтанатты жиындар, алғыс айту сәттері мен мектеппен қоштасу лебіздері ерекше тебіреніспен өтпек.
 
Жыл сайынғы ескертулерге сәйкес, мектеп түлектеріне арналған соңғы қоңырау немесе қоштасу кештерін өткізу барысында тең жағдай мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты назарда болады. Осыған байланысты:
•сән-салтанатты кештер ұйымдастыру,
•ақша жинау,
•автокөлікпен шеруге шығу,
•мектептен тыс орындарда салтанаттар өткізу
сияқты әрекеттерге қатаң тыйым салынады.
 
Мұндай шектеулердің басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін сақтау, әлеуметтік теңсіздікке жол бермеу және оқу жылының аяқталуын мазмұнды әрі тәрбиелік маңызы бар деңгейде өткізу.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum-moyynkum/press/news/details/997044?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version