Париждегі ЮНЕСКО бас пәтерінде тұңғыш рет қазақ пен қырғыз ақындарының қатысуымен достық сипатта тарихи айтыс өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Париж, 2025 ж. 17 мамыр – Қазақ пен қырғыз халықтарының ортақ мұрасы саналатын бірегей өнердің Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізілуінің 10-жылдығына орай Париждегі ЮНЕСКО бас пәтерінде тұңғыш рет халықаралық айтыс өтті.

Қазақстан мен Қырғызстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдіктері серіктестермен бірлесіп ұйымдастырған бұл ауқымды іс-шара бауырлас екі елдің мәдени сабақтастығы мен достығын паш етіп, шетелдегі отандастарына айтысты, елден келген үздік суырыпсалма ақындарының өнерін өз көзімен тамашалауға бірегей мүмкіндік берді. ЮНЕСКО ғимаратындағы залда Франция, Германия, Италия, Нидерланд, Испания, Бельгия, Люксембург сияқты Еуропа елдерінде жұмыс істеп немесе білім алып жүрген 300-ге жуық қазақ және қырғыз азаматтары, диаспора өкілдері бас қосты.

Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдері Асқар Абдрахманов пен Садык Шер-Нияз құттықтау сөз айтып, айтыс өнерінің екі ел арасындағы мәдени көпір ретіндегі рөліне ерекше тоқталды.

Айтысқа қатысушыларға жолдаған құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов «Айтыс – бағзыдағы бабаларымыздан бастау алған, ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан бекзат өнер» екенін, осы жиынның тұңғыш рет ЮНЕСКО сахнасында ұйымдастырылуы айтыс өнерінің әлемге танылғанын айқын көрсететінін атап өтіп, көрермендерге ерекше әсерге толы рухани азық, ал саңлақ айтыскерлерге сәттілік тіледі.

Сондай-ақ Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші Төрағасы Нурланбек Тургунбек уулының құттықтау сөзі де оқылды.

Тарихи айтыста Қазақстан мен Қырғызстаннан келген төрт төрттен танымал ақындары әлемнің мәдени орталығында өз өнерлерін ортаға салды. ЮНЕСКО сахнасынан арнайы шақырылған шымкенттік ақсақал ақын Бөрібай Оразымбет арнау жасап екі халықтың достығы мен айтыстың рухани мәдениетіміздегі бөлек орнын жыр етті.

Айтысты зор біліктілікпен тәжірибелі ақындар – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай мен Қырғыз Республикасының Жогорку Кенешінің депутаты Мирлан Самыйкожо жүргізді. Әділқазылар алқасы құрамына сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Нұртай Сабильянов пен Жанарбек Әшімжан мен Жогорку Кенеш депутаты Шайырбек Ташиев пен «Манас» театрының директоры Нурбек Талантбеков кірді.

Аса жоғары деңгейде өткен төрт айтыстың нәтижісімен жеңімпаздарды анықтау ашық дауыс беру арқылы өтіп, қазылардың бағалауы нәтижесінде, «қос бәйге» қағидасымен Гран-при жүлделері Айбек Қалиев пен Азамат Болгонбаевке, І орын үшін дипломдар Дидар Қамиев пен Акматбек Султан уулу, ІІ орын үшін дипломдар Мейірбек Сұлтанхан мен Амантай Кутманалиевке, ІІІ орын үшін дипломдар Абай Жолмағамбет пен Максат Кулуевке тағайындалды.

Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлованың атынан айтыс өнерін халықаралық деңгейде насихаттауға, түркі халықтарына ортақ мәдени мұраны ұлықтауға қосқан үлестері үшін Бөрібай Оразымбет пен Акматбек Султан уулуға екі арнайы сертификат табыс етілді.

Ұйымдастырушылар осы игі бастамаға қолдау көрсеткендері үшін ЮНЕСКО Хатшылығына, Қазақстан мен Қырғызстандағы серіктестерге, соның ішінде «Amanat» саяси партиясына, Айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағына, Шымкент қаласының әкімдігіне, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының әкімдіктеріне, «Айтыш» және «Айтыш Франс» қоғамдық қорларына, барша ниеттес азаматтарға шынайы алғыстарын білдірді.

Жалпы алғанда бұл кездесу барысында қатысушылар мен көрермендер айтыстың рухани тереңдігіне тағы бір мәрте көз жеткізіп, өнердің бауырластықты бекемдейтін үлкен күш екенін сезінді. Дүбірлі іс-шара — біртуған қазақ пен қырғыз халықтары осы бірегей мәдени мұрасының ЮНЕСКО мен Еуропа төріндегі жарқын көрінісіне айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-unesco/press/news/details/998087?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version