Тауарлар тыйым салулар мен шектеулер сақтала отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізіледі және кедендік рәсімдермен орналастырылады.
Тарифтік емес реттеу шараларын, оның ішінде біржақты тәртіппен енгізілетін тарифтік емес реттеу шараларының және техникалық реттеу шараларының сақталуы – Одақ туралы шартқа сәйкес Комиссия айқындаған немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған жағдайларда және тәртіппен, ал өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау шараларының, оның ішінде әскери мақсаттағы өнімге қатысты шаралардың сақталуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған жағдайларда және тәртіппен осындай шаралардың сақталуын растайтын құжаттарды және мәліметтерді ұсыну арқылы расталады.
Техникалық реттеу шараларының сақталуын растау мақсаттары үшін техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган мен уәкілетті органның әкелінетін тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар туралы мәліметтерді, сондай-ақ осындай құжаттардан алынған мәліметтерді алмасу жөніндегі ақпараттық өзара іс-қимыл тәртібі бірлескен актімен айқындалады.
Санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар мен радиациялық талаптардың сақталуы Одақ туралы шартта және оған сәйкес қабылданған Комиссияның актілерінде белгіленген тәртіппен және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық, карантиндік фитосанитариялық, радиациялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру нәтижелері бойынша расталады.
Жеке тұлғалардың Одақ туралы шартта көзделген, өздеріне Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылмайтын мемлекеттермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесіне енгізілген тауарларды жеке пайдалануға арналған тауарлар ретінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету ерекшеліктерін Комиссия айқындайды.
Егер тыйым салулар мен шектеулерді белгілейтін актілерде олардың сақталуын растау жағдайлары және тәртібі айқындалмаған болса, осындай тыйым салулар мен шектеулердің сақталуы тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде, сондай-ақ тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен немесе экспорт кедендік рәсімімен орналастыру кезінде расталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-astana/press/news/details/997403?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау