Ерлер денсаулығын сақтау мен нығайту – амбулаториялық медициналық көмектің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл бағытта 2024 жылы да жұмысын табысты жалғастырған Өңірлік Ерлер Денсаулығы және Отбасылық Ұзақ Өмір Орталығы маңызды рөл атқарып отыр. Аталған орталық қалалық көпбейінді аурухана мен кеңестік-диагностикалық орталықтың базасында жұмыс істейді.
Орталық 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді және осы уақыт ішінде өзін ерлердің денсаулығына қатысты мәселелерді шешуде сенімді әрі тәжірибелі мекеме ретінде көрсете білді.
2024 жылы орталықта 3981 клинико-диагностикалық қызмет көрсетілген. Бұл – урологиялық сырқаттарға шалдыққан азаматтардың сапалы әрі уақытылы медициналық көмек алуына мүмкіндік беріп, ауруларды ерте анықтау мен тиімді емдеуге жол ашқан көрсеткіш.
Жалпы есеп бойынша, өткен жылы орталықта 4124 науқас ем қабылдаған. Бұл көрсеткіш тұрғындар арасында орталық қызметіне деген сұраныстың жоғары екенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, бұл дерек өңірдегі ерлер денсаулығын қорғауда орталықтың атқарып отырған жұмысының өзектілігі мен маңызын тағы бір мәрте айғақтайды.
2024 жылы Өңірлік ерлер денсаулығы және отбасылық ұзақ өмір орталығының мамандары урологиялық ауруларды анықтау, емдеу және олардың алдын алу бойынша қарқынды жұмыстарын жалғастырды.
Азаматтар медициналық көмекке жүгінген кезде жиі кездескен диагноздар қатарында келесі патологиялар тіркелді:
* Созылмалы простатит – 907 жағдай
* Пиелонефрит – 743 жағдай
* Қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы (ҚБҚГ) – 641 жағдай
* Бүйректегі тас ауруы – 284 жағдай
* Эректильді дисфункция – 118 жағдай
* Эректильді дисфункциямен қатар жүретін созылмалы простатит – 326 жағдай
Аталған сырқаттар кеңестік-диагностикалық бөлімшенің клиникалық жұмысының негізгі бағытына айналып, жан-жақты диагностика мен кешенді емдеуді талап етті.
Бөлімше қазіргі таңда амбулаториялық көмек жүйесінде маңызды буын ретінде өз орнын нығайтып келеді. Медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру арқылы орталық өңір ер азаматтарының денсаулығын сақтауға айрықша үлес қосып отыр.
Ерлердің денсаулығына қамқорлық тек білікті медициналық көмекті ғана емес, сонымен қатар жан-жақты профилактикалық жұмысты да талап етеді. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі — академик Б.У. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы ұйымдастырған «Ерлер денсаулығы» бағдарламасының жүзеге асырылуы болды.
Бағдарлама аясында медициналық мекемеде 150 ер адам арнайы тексеруден өтті. Бұл бастама ерте диагностика жүргізуге және урологиялық аурулардың алдын алу бойынша тұрғындардың хабардарлығын арттыруға бағытталған. Нәтижесінде бірқатар сырқаттар дер кезінде анықталып, қажетті ем шаралары басталды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, 9 пациентке Алматы қаласындағы Урология ғылыми орталығына жоғары технологиялық медициналық көмек алу үшін жолдама берілді. Ал тағы 4 ер азаматқа «еркектік бедеулік» диагнозы бойынша консервативті ем тағайындалды.
Қазіргі уақытта кеңестік-диагностикалық бөлімше өз жұмысын одан әрі дамытып, диагностика мен терапияның заманауи әдістерін енгізуде. Бұл Жамбыл облысы тұрғындары үшін урологиялық көмекке қолжетімділікті арттырып отыр.
Орталықтың қызметі – ерлер денсаулығын қорғау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған. Оның жұмысы урологиялық аурулармен тиімді күресуге және ерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/997609?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау