Кореямен тәжірибе алмасу – болашақ мамандар үшін жаңа бағыт

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанның денсаулық сақтау саласы сапалы әрі заманауи қызмет көрсетуге бет бұрған шақта, халықаралық тәжірибе алмасу ерекше маңызға ие. Осы орайда Оңтүстік Кореяға жасалған іс-сапар барысында әлемге әйгілі бірнеше көпсалалы медициналық мекемелердің жұмысы зерттеп, инновациялық жүйелермен танысу мүмкіндігі туды. Бұл іс-сапар болашақ отандық медицина үшін тың серпін мен жаңа бағыттарды айқындап берді.

Сапар барысында ASAN Medical Center, Dongguk University Hospital, H+Yangji Hospital және International St. Mary’s Hospital секілді Кореяның жетекші медициналық мекемелерінің жұмысымен танысу бұйырды. Бұл ауруханалар — жоғары технологиялармен жабдықталған, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсететін, пациентке бағдарланған заманауи клиникалар. Әрбір орталықтың өзіндік ерекшелігі мен инновациялық тәжірибесі бар.

Әр мекеменің ұсынған құнды тәжірибелері:
ASAN Medical Center – трансплантология, онкология және радиология салаларында озық жетістіктерімен танымал. Мұндағы көп функциялы орталықтар моделі жылына 650 мыңға жуық науқасқа сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
H+Yangji Hospital – толық цифрландырылған, «ақылды аурухана» тұжырымдамасын белсенді жүзеге асырып отырған орталық. Барлық процестер – пациент қозғалысынан бастап, дәрілік терапия мен медициналық жазбаларға дейін – автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Әсіресе, нейрорадиология саласындағы жетістіктері назар аударуға тұрарлық.
Dongguk University Hospital – дәстүрлі шығыс және заманауи батыс медицинасының интеграциясын ұсынатын бірегей үлгі. Интегративті медицина созылмалы ауруларды емдеу мен қалпына келтіру терапиясында ерекше тиімділік көрсетуде.
Seoul St. Mary’s Hospital – Оңтүстік Кореядағы ең ірі әрі заманауи медициналық мекемелердің бірі. Мұнда гематология, онкология, роботтық хирургия секілді күрделі салалар бойынша әлемдік деңгейдегі ем шаралар жүргізіледі. Сүйек кемігін трансплантациялау, лейкемияны емдеу, CyberKnife және томотерапия сияқты жоғары технологиялы құрал-жабдықтар тиімді қолданылуда.

Сапар барысында жинақталған тәжірибе мен технологиялар еліміздегі медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруда маңызды рөл атқара алады. Атап айтқанда:
1. Ақылды аурухана элементтері – пациентті тіркеуден бастап, ем қабылдап, үйіне шығаруға дейінгі барлық процесті автоматтандыру.
2. Телемедицина және виртуалды кеңес беру жүйелері – шалғай елдімекендерге сапалы медициналық көмекті қолжетімді ету.
3. Lean management қағидаттары – медициналық мекемелер ішіндегі үдерістерді оңтайландырып, қызмет көрсету сапасын арттыру.
4. Медицина қызметкерлерін халықаралық стандарттар негізінде үздіксіз кәсіби дамыту – біліктілікті арттыру жүйесін жаңа деңгейге шығару.

Сапар барысында ерекше әсер қалдырған бағыттардың бірі — Сеулдегі клиникалық диагностикалық орталықта қолданылатын ТРИАЖ жүйесі болды. Бұл жүйе ауруларды ерте анықтау, науқастың денсаулығын кешенді бағалау және қауіп факторларын сараптау арқылы бастапқы емді нақты әрі шұғыл түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдер Қазақстанның өңірлерінде де қолданысқа енгізілсе, алғашқы медициналық көмектің сапасы мен тиімділігі едәуір артады.

Кореяда жинақталған тәжірибе Қазақстан үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Іс-сапар нәтижесінде алынған білім мен тәжірибе Жамбыл облысы деңгейінде пилоттық жоба ретінде енгізіліп, болашақта ұлттық деңгейде кеңінен тарату көзделіп отыр. Бұл тек денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту ғана емес, сондай-ақ қазақстандық пациенттердің өмір сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық қадам болмақ.

Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Е.Ш. Абдыхалықов

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/997616?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version