Оның айтуынша, 2022–2024 жылдар аралығында Ақмола облысында 8 улану оқиғасы тіркеліп, 85 адам зардап шеккен. Бұл оқиғалар негізінен Бурабай ауданында, сондай-ақ Көкшетау және Қосшы қалаларында орын алған.
Сауле Садвакасованың мәлімдеуінше, биыл Бурабай ауданында «Бактериялық ішек инфекциясы» деген алдын ала диагнозбен бір топтық улану оқиғасы тіркеліп, 18 бала зардап шеккен. Олардың төртеуі Көкшетау қаласындағы балалардың жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Емдеу аяқталғаннан кейін барлық балаларға «Вирустық энтерит» диагнозы қойылды.
Инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау мақсатында департамент аудандық басқармалармен бірлесіп, шұғыл түрде эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырды. Олардың қатарында жоспардан тыс тексерулер мен зертханалық зерттеулер бар. Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексеру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижелері кейінірек жарияланады.
Сонымен қатар, Сауле Садвакасова тамақтан уланудың алдын алу бойынша департамент тарапынан кең көлемді ақпараттық-түсіндіру науқаны жүргізіліп жатқанын атап өтті. Аталған жұмыс аясында тікелей эфирлер, семинарлар, дәрістер, алдын алу әңгімелері, БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланымдар өткізіледі.
Жазғы балаларды сауықтыру маусымы қарсаңында арнайы Жол картасы бекітілді. Балалар сауықтыру орталықтары, білім беру органдары, санитариялық қызметтер және бизнес өкілдерінің қатысуымен оқыту іс-шаралары өткізілді. Санитариялық қауіпсіздік пен уланудың алдын алу бойынша ведомствоаралық кеңестер ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, департаменттің ресми сайтында халық үшін өзекті ақпараттар мен ұсыныстар қамтылған арнайы бөлім ашылды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде балалар демалысын ұйымдастыру қызметтеріне қатысты заңсыз жарнамаларды анықтау және жолын кесу мақсатында мониторинг жүргізілуде.
2025 жылғы 12 маусымдағы жағдай бойынша жұмыс істеуге келесі 6 балалар сауықтыру орталығына рұқсат берілді: «Скаут Тур» ЖШС, шатырлы лагерь, Ақкөл ауданы; «М. Өтемісов атындағы оқушылар сарайы» МКҚК, «Барап» БСО, Ақкөл ауданы; «Эдельвейс-2030» ЖШС-нің «Звёздный» БСО, Бурабай ауданы; «Bolashaq Saraiy» ШЖҚ МКК, «Сұңқар» сауықтыру кешені, Зеренді ауданы; «Арман Тай СК» ЖШС-нің «Эдельвейс Боровое» БСО; «Парус» БСО, маусымдық лагерь, Зеренді ауданы.
Сөз соңында Сауле Садвакасова ата-аналарды балалардың жазғы демалыс орындарын таңдауға мұқият қарап, дайын тағам сатып алу кезінде санитариялық қауіпсіздікке баса назар аударуға шақырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1016506?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау