Мемлекет басшысының 2024 жылды “Жұмысшылар жылы” деп жариялауына орай еліміздің барлық өңірлерінде еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге бағытталған кең ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Осыған сәйкес, Кентау қаласында да Жұмысшылар жылына арналған кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, нақты жұмыстар пысықталды.
Қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболованың төрағалығымен өткен жиында, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғалымжан Андосов атқарылатын жұмыстар жайында баяндама жасады.
Жиынға қаладағы барлық орта оқу орынның басшылары, кәсіпорын мен сала басшылары қатысты.
“Жылдың үздік жұмысшысы”, “Өндіріс үздігі”, “Жас маман – 2024” сияқты марапаттау номинацияларын ұйымдастыру, кәсіби шеберлікті арттыру және насихаттау, қала мектептері мен колледждерінде жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге арналған кәсіптік бағдар беру іс-шараларын жүзеге асыру, өндіріс ошақтарында “Ашық есік күндері” ұйымдастырылып, жастарға нақты мамандықтар таныстырылымын өткізу, қалалық мәдениет үйлері мен кәсіпорындарда концерттік бағдарламалар, еңбек ардагерлерімен кездесулер, спорттық жарыстар өткізу, сонымен қатар әлеуметтік қолдау және еңбек жағдайын жақсарту секілді шаралар ұйымдастырылып жоспарланғанын атап өтті.
«Еңбек адамын ұлықтау – басты мақсат. Қала көлеміндегі өндіріс орындары мен ірі кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшыларды қолдау, олардың еңбегін бағалау – басты назарда болу қажет» деген Ақнұр Нұралықыз бірқатар тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, “Жұмысшылар жылы” – ел экономикасын алға сүйреп келе жатқан еңбек адамдарына көрсетілетін үлкен құрмет. Кентау қаласы бұл бастаманы жоғары деңгейде жүзеге асырып, еңбек адамының қоғамдағы орнын нақты іспен көрсетіп, жастарға барынша насихатталуы керек деп, осы бағыттағы жұмыстарға белсенді түрде атсалысуға шақырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/1003960?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау