«ЗАРЕЧНОЕ» БК ҚРК» АҚ ӨКІЛДЕРІ ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУ ӨТКІЗДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

    Бүгін Темір ауыл округінде маңызды қоғамдық іс-шара өтті. «ЗАРЕЧНОЕ» БК ҚРК» АҚ-ның өкілдері Түркістан облысы аумағындағы уран кен орнын игеру жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өткізді. Тыңдаудың мақсаты – «ЗАРЕЧНОЕ» уран кен орны учаскесін игеру жобасы» материалдар негізінде қоршаған ортаға әсер етуге экологиялық рұқсат алу процесі аясында жергілікті халықты жобамен таныстыру, олардың пікірін ескеру және ашық диалог орнату.

    Іс-шараға «ЗАРЕЧНОЕ» кәсіпорынының ресми өкілдері, Темір ауыл округінің әкімі Ақарыс Жүсіпұлы, ауыл ақсақалдары, белсенді тұрғындар мен ауыл тұрғындары қатысты. Қоғамдық тыңдаулар – халық пен өндірістік кәсіпорын арасындағы байланыс көпірі, сондықтан бұл кездесудің маңыздылығы ерекше болды.

    Тыңдауда уран кен орнын игеру барысында қоршаған ортаға түсетін ықтимал әсерлер мен қауіпсіздік шаралары жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, келесі мәселелер қаралды:

    • Ластаушы заттардың рұқсат етілген шекті мөлшерлері (РШМ) – табиғатқа шығарылатын заттардың заңда белгіленген шектен аспауын қамтамасыз ету;

    • Өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы (ӨЭБ) – қоршаған орта жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу жүйесі;

    • Қалдықтарды басқару бағдарламасы (ҚББ) – өндірістік қалдықтарды қауіпсіз түрде сақтау және жою тәртібі;

    • Қоршаған ортаны қорғау іс-шараларының жоспары (ҚОҚІЖ) – табиғатты қорғауға бағытталған нақты шаралар мен міндеттер кешені.

    Кәсіпорын өкілдері өз баяндамасында жоба аясында қолданылатын экологиялық қауіпсіздік талаптары мен бақылау шаралары туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді. Тыңдауға келген тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, кәсіпорын тарапынан толық әрі нақты жауаптар алды.

    Тұрғындарды әсіресе топырақтың ластану қаупі, жұмысшылардың қауіпсіздігі, радиоактивті қалдықтарды сақтау және тасымалдау тәртібі сияқты мәселелер алаңдатты. Бұл сұрақтарға жауап бере отырып, компания өкілдері өндіріс барысында заманауи технологиялар мен халықаралық стандарттарға сай қауіпсіздік талаптары қолданылатынын ерекше атап өтті. Тыңдау барысында ауыл ақсақалдары мен белсенділері мұндай кездесулердің жиі өткізіліп тұру қажеттігін айтты. Бұл – тек ақпарат алмасу емес, сонымен қатар халықтың пікірімен санасу мәдениетін дамыту жолы екендігі белгілі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-timur/press/news/details/1004832?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version