Бірлесіп маман даярлау, трансшекаралық суды бөлу және Қазақстанның Үлкен бөгеттер жөніндегі халықаралық комиссияға қосылуы: Су ресурстары және ирригация министрі ҚХР-ға жұмыс сапарымен барды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қытайдың Чэнду қаласында өткен Үлкен бөгеттер жөніндегі халықаралық комиссияның (ICOLD) 28-ші конференциясы аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Power China компаниясының бас директоры Ван Биньмен кездесті. Тараптар Қазақстанның су саласын дамыту бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Атап айтқанда, маман даярлау жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыру мәселесі қозғалды. Нұржан Нұржігітов қытайлық тарапқа алдағы бірнеше жылда қазақстандық су шаруашылығы мамандарының біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін орта мерзімді оқыту жоспарын әзірлеуді ұсынды.

Қазіргі таңда Қытайда 30 адамнан құралған қазақстандық мамандардың екінші тобы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатқанын еске сала кетейік. Олар табиғи апаттардан кейін су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру және олардың төзімділігін жоспарлау әдістерін меңгеріп жатыр. Бұған дейін 30 маманнан құралған алғашқы топ су ресурстарын пайдалану технологиялары мен су ортасын басқару саласында білім алып, сәуір айының соңында елге оралған болатын. Жыл соңына дейін Қытайда барлығы 120 қазақстандық маман оқудан өтеді. Курстар қытай тарапының есебінен ұйымдастырылып жатыр.

«Біз өзара ынтымақтастықты тереңдетуге дайынбыз және тағылымдамалар мен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, сондай-ақ білім, тәжірибе және заманауи технологиялармен алмасуға бағытталған бірлескен жобаларды талқылауға ашықпыз. Сіздердің кадрлардың кәсіби деңгейін көтеруге қосқан үлестеріңіз Қазақстанның су саласындағы адами капиталды дамытуға ғана емес, сондай-ақ елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестіктің нығаюына да оң әсер етеді деп сенемін», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Одан кейін Нұржан Нұржігітов ҚХР Су шаруашылығы министрі Ли Гоинмен кездесті. Кездесу барысында су саласын дамытуға қатысты өзекті мәселелер мен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумның іске асырылу барысы талқыланды. Айта кетейік, бұл құжатқа биыл наурыз айында қол қойылған болатын. Меморандум екіжақты ынтымақтастықты нығайтуды, суды ұтымды әрі тұрақты пайдалану, заманауи технологияларды енгізу, баламалы су көздерін бөлу және игеру, сондай-ақ тәжірибе алмасу мен кадрларды бірлесіп даярлау мәселелерін қамтиды.

Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов Үлкен бөгеттер жөніндегі халықаралық комиссияның президенті Мишель Линомен келіссөздер жүргізді. Тараптар «Қазсушар» РМК-ның осы ұйымға мүшелікке ену мүмкіндігін талқылады.

«Біз ICOLD ұйымының су ресурстарын тиімді және тұрақты басқару саласындағы ынтымақтастыққа ашық екенін жоғары бағалаймыз. Бұл – бүгінгі жаһандық сын-қатерлер жағдайында аса өзекті. Біз ICOLD ұйымын инновациялық шешімдерді енгізу, ғылыми әлеуетті дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру бойынша стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.

Үлкен бөгеттер жөніндегі халықаралық комиссия — бұл үкіметтік емес халықаралық ұйым. Ол бөгеттерді қоршаған ортаға зиян келтірмей, қауіпсіз, тиімді және үнемді тұрғызу ісінде жетекші рөл атқарады. ICOLD-тың бастапқы мақсаты – ақпаратты жинау және тарату, сондай-ақ байланысты техникалық мәселелерді зерттеу арқылы үлкен бөгеттер мен онымен байланысты азаматтық құрылыстарды жоспарлау, жобалау, салу, пайдалану және күтіп ұстау саласындағы прогресті ынталандыру.

Сондай-ақ министр Чанша қаласындағы Power China Zhongnan ғылыми-зерттеу институтына да барды. Онда ғылыми ұйымның басшылығымен кездесіп, соңғы технологиялармен танысты. Атап айтқанда, су ресурстарын автоматты түрде бақылау жүйесімен. Сонымен қатар Нұржан Нұржігітов институтта өтіп жатқан қазақстандық су шаруашылығы мамандарына арналған оқыту семинарының барысымен танысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1002702?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version