Алматы облысында сел және көшкін қаупі бар кезеңге дайындық аясында “Көлсай” мен “Қайыңды” көлдеріне шығу арқылы тексеру жүргізіліп, селден қорғайтын және селді тұрақтандыруға бағытталған құрылыстардың жағдайы қаралды.
Іс-шара Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы подполковнигі Оразбеков Даурен Даулетқанұлының үйлестіруімен, ҚР ТЖМ “Қазселқорғау” Шелек ПЭО бөлімінің басшысы Токтасын Г. қатысуымен өтті.
Кеген ауданындағы тексеру барысында мамандар “Көлсай” мен “Қайыңды” көлдерін көзбен шолып, техникалық зерттеу жүргізді. Негізгі назар өзен арналары мен жағалауларының жағдайына, көшкін түсуі мүмкін қауіпті учаскелерді анықтауға, сондай-ақ жөндеу және алдын алу жұмыстарының сапасы мен мерзімдеріне аударылды.
Селден қорғайтын нысандардың алдағы сел қаупі бар кезеңге дайындығы да бағаланды. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында подполковник Оразбековтың ұсыныстарына сәйкес, “Көлсай көлдері” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің баланс ұстаушысы алдын ала шаралар қабылдады — көшкін қаупі бар беткейлер бекітіліп, қорғаныс торларын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін парктің аумағында бір өрт сөндіру бөлімшесі мен жедел-құтқару жасағының қызметкерлерінен құралған механикаландырылған кезекшілік ұйымдастырылды. Бұл бөлімше “Қазселқорғау” мемлекеттік мекемесінің пост ғимаратында және қосымша орнатылған шатырда орналасқан, қажетті өрт сөндіру техникасымен, құтқару құралдарымен және жүзу құралдарымен жабдықталған. Құтқару бөлімшесінде іздестіру иті бар кинолог және су айдындарында апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін бір сүңгуір бар. Барлығы Алматы облысы ТЖД-дан 6 қызметкер және 2 техника бірлігі жұмылдырылған.
Тексеру қорытындысы бойынша барлық жауапты аумақтық бөлімшелер мен мердігер ұйымдарға анықталған кемшіліктерді жою және алдын алу шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Алматы облысы ТЖД
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-alm/press/news/details/1002701?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау