Бүгін Департамент басшысы Ғалия Даулетова Байконыр қаласындағы №277 орта мектеп ұжымымен кездесіп, еліміздегі «Үздік 100 мектеп» қатарына енулерімен құттықтап, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың арнайы Дипломын табыстады.
Өз сөзінде Департамент басшысы ұжымның мазмұнды да нәтижелі еңбегіне, ұстаздардың кәсіби шеберлігіне тоқталып, №277 мектеп мемлекеттік аттестаттаудан өту барысында жоғары нәтиже көрсеткенін атап өтті.
Білім беру ұйымы 2019 жылғы «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық конкурсының жеңімпазы. Мектеп оқушылары пәндік олимпиада мен ғылыми жоба жарыстарының жүлдегерлері. Биылғы жылы мектепті 58 түлек бітіріп шықты. 3 оқушы «Алтын белгі», 2 оқушы «Үздік» аттестатқа үміткер. Наурыз айындағы ҰБТ-ден «Алтын белгіге» үміткер Жанибеков Мәди 137 балл жинаған.
«Үздік 100 мектеп» қатарына ену үшін оқушылардың білім сапасы, сыртқы бағалау қорытындылары, олимпиада мен ғылыми жоба көрсеткіштері, педагогтердің біліктілігі, материалдық-техникалық база, білім алушыларға қауіпсіз орта құру, мектепте қалыптасқан дәстүрлерді сақтау бағыттағы жұмыстар сараланған.
Департамент басшысы мектеп ұжымына «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізінде мемлекетіміздің лайықты азаматын қалыптастыру міндетіне әркез адалдық танытып, оқу-ағарту саласының дамуына қосқан өлшеусіз еңбеқтеріне алғыс білдірді.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау